ҚОҒАМДЫҚ, КӘСІБИ ЭТИКА НОРМАЛАРЫН САҚТАУ БАРЛЫҚ АЗАМАТТАРҒА ШАРТ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Қоғамдық, қызметтік орында, көпшілік алдында өрескел қылық көрсетіп, дауыс көтеріп, кейбір лауазымды тұлғалар қызметтік дәрежесін асыра пайдаланып, азаматтардың жеке басына қатысты құпия болып табылуы керек мәліметтерді жария етіп, абыройын төгіп, ар-намысына тиіп, іскерлік беделіне нұқсан келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзып тұрғанын есіне салып, дұрыс емес екендігін ескертіп айтқанымызда, есесіне дөрекі жауап алып, қайта өзімізге қарай өштендіріп, соңымызға түсіріп, өзім білемін деген жауап аламыз. Дәл осы жағдайды, қоғамдық және қызметтік орында орын алды деп есептелік, осыны көріп, естіп тұрған басқа да қызметтес азаматтардың бірде-біреуі әлгі абыройды төгіп тұрған, жеке басқа қатысты мән-жайларды қызметтік орында орынсыз тілге тиек етіп тұрған тұлғаға үн қатпайды. Себебі, азаматтардың көпшілігі заңи нормаларды терең түсіне білмейді, қоғамдық құқықтық мәдениетті сақтау керек екендігінен хабарсыз екендігін аңғарамыз. Өйткені, бұл жерде адамдар бір-біріне адамгершілік, сыйластық қарым-қатынас қағидаларын ұстанып, түсіну, бір-біріне жанашырлық, қорғап-қолдау көрсетулері қажет еді.

Осы жерде, көпшіліктің ішінен бір азамат шығып, әлгі өрескел қылық көрсетіп тұрған тұлғаны жөнге саларлық ескерту жасағанда бұндай жағдайды келесі жолы қайталамас болар еді. Өйткені, құқықтық мәденитті түсінбеу мен заңи сауатсыздық дәл осындай ұсақ құқықбұзушылықтан бастау алады.

Құқықтық мәдениетті ұстанып, қоғамдық, кәсіби этика нормаларын сақтау барлық азаматтарға шартты болуы тиісті.

Құқықтық сана мәдениеті қоғамда, қоршаған ортада құқықтық құбылыстардың табиғатын түсіну мен құқықтың қоғамдық қатынастарды реттеуге қажет екенін саналы түрде түсіну, оны мойындау, заңды тәртіп мәдениетін сақтаумен қатар игерілген құқық нормаларына сай саналы қылықтар жасау болып табылады.

Гүлнар АРҒЫНБЕКОВА,

заң ғылымының кандидаты