ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ЖОСПАРДАҒЫДАН ҮШ ЕСЕ КӨП ӨТКІЗІЛГЕН
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бері 12 рет шаһар тұрғындарымен жеке қабылдау өткізген. Онда 69 азаматтың өтініші тыңдалған. Халықтың талап тілегіне байланысты 80 жауапты мекемеге айтылған мәселелерді шешу бойынша тапсрымалар беріліп, оның 56-ы орындалу үстінде. Оның бірқатарына тоқталатын болсақ, тұрғындар өтініші негізінде Түркістан қаласы Отырар шағын ауданындағы көпқабатты 36 үйге табиғи газ құбыры тартылды, Бекзат секторында саябақ құрылысы жүруде. Сонымен бірге О.Жарылқапов атындағы стадион қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бекзат секторында екі жерде жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелі салынып жатыр. Т.Бокин көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылды. Осындай жұмыстар жайлы ортаны қалыптастырумен бірге тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімін арттырып отыр.
Жалпы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын Түркістан қаласында жүзеге асыру үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жұмыс жоспарын бекіткен. Соған сәйкес, шаһар басшысы қаладағы 6 сектор аумағында жыл сайын 2 реттен 12 кездесу өткізілуі керек. Халық пен билік арасында осындай тығыз қатынас орнаған жағдайда өзекті мәселелер де жылдам шешімін табатыны белгілі. Сондықтан Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен бекітілген жоспардан тыс кездесулерді жиі өткізуді әдетке айналдырған. Соның арқасында Түркістан қаласына соңғы 3 жылда тұрғындармен 108 мәрте кездесу өткізілген. Яғни, 3 жылда 6 сектор тұрғындарымен 36 рет кездесу жоспарланғанымен, іс жүзінде одан 3 есе көп қоғамдық қабылдаулар өткізілген. Қала басшысының тікелей қадағалауының нәтижесінде тұрғындарды мазалаған 1 мың 215 сауалдың 1мың 203-інің шешімі табылып, бүгінде қалған 12 мәселе заң аясында қаралуда. Одан бөлек, 85 рет өткізілген жеке қабылдауда 924 адам шаһар басшысына өздерінің мұң-мұқтажын жеткізген.