ҚОҒАМДЫ ТӘРБИЕЛЕП ЖАТҚАН КІМДЕР НЕМЕСЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Сонау Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызды толғандырған, кешегі кемеңгер Абай атамызды тебіренткен, бүгінде бір мені емес, еліміздің саналы да санаулы азаматтарын мазалайтын бір ғана мәселе – ол халықтың рухани дүниесі. Себебі, дәл қазір қазақ елі жаһандану кезеңінде. Қай жағынан алып қарасақ та, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында қарқынды түрде алдыңғы шепте.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын әлеуметтік желідегі коуч-психологтарға қазақтың сансыз әйелдері мен келіншектерінің тізілгенін байқадым, бұдан өзгерісті қажет ететін ауыр күндердің басталғанын түсіндім. Яғни бүгінгі таңда қазақ әйелдерінің жан дүниесіне үңілу себебім сол тұста бастау алды. Еліме деген жанашырлық, ұлтыма деген патриоттық сезімде әрі дін маманы ретінде бұл жайтқа бейғам қарай алмай, мен не тындырдым деген сауалда өзімнен бастадым. Яғни кімге пайдам, кімге зияным тиді, кім тәлім алды, кім тәрбие алды, кім қалыс, кім алыс қалды, кім қамтылды, қамтылмады деген сұрақтар тұс-тұстан қамалағанда, егемендікпен қатарлас келетін қызметтік іс-тәжірбием сарапқа түсті, ойық тұстары бірден көрінді.

Біріншіден, отыз жыл бойына асыл дініміз тек мешіттің маңайында өрбіпті. Оның өзінде ер-азаматтарымызға басымдық беріліп, қазақ әйелдері біршама тысқары қалған екен. Ислами қағида бойынша ер адам әйел затынан бір саты жоғары тұрады дейміз. Алайда, әйелдің жәннәті оның ері, күйеуінің разылығында деген үкімді біздер айнытпай жеткізгенімізбен, дінге келгені де, келмегені де тура осы тұсты бір жақты қабылдап алған тәрізді. Меніңше, мұны әлі күнге дейін көбісі дұрыс түсінбей келеді. Тіпті мешіт қабырғасын көрген кейбір азаматтарымыздың өзі үй мен түзде екі бөлек. Әйелдің бір саты төмен тұруы – оны төмен санау, оның құқығын таптау, оны бас салып ұрып-соғу, адам құрлы көрмеу, үйге қамап отырғызу, оның сөзіне құлақ аспау, еркекпін деп менмендікке салыну деген сөз емес. Әйтсе Алла Тағала әйелдер жайлы толығымен бір сүрені («Ниса») және арнайы аяттар түсірмес еді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз әйелдер хақындағы хадистерін өсиет етпес еді. Мүмкін біз тереңіне үңілдірмедік пе? Бұл бір қателік пе?

Екіншіден, «Жәннет ананың аяғының астында» деген діни ұлағатты бүкіл мұсылман әлемі жатқа біледі. Алайда, қазіргі қазақ әйелдерінің ерлері мұны қалай түсініп жүр? Бұл маңызды сұрақ, өйткені ер-азаматтарымыз тек анасын ғана құрмет тұтуда. Әйтпесе қоғам сыздауығына айналған бүгінгі көптеген ажырасулардың астарында ене мен келіннің шайқасы жатпас еді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бастау алған ұлы дәстүрімізбен жанасқан осы асыл дініміз қандай жағдай болмасын бірде-бір әйел адамын жылатып, көшеге қуып, абыройын аяқ асты еткізбеген. Тіпті «Мен әйелім Айшаны жақсы көремін» деген хадисін пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұялмай-ақ, сол дәуірден қияметке дейінгі ерлерге паш еткен жоқ па? Маған әлеуметтік желі арқылы әйелдер қауымынан келетін толассыз хаттардың 70-80 пайызы күйеудің құрметсіздігі, зорлық-зомбылығы, көрсеткен қорлығы, менсінбеуі, асырамауы, шеттетуі, тастап кетуі. Одан бетергісі, осы қылықтарға аналардың бейғам қарауы, келіндеріне қолдау көрсетпеуі. Жеме-жемге келгенде тіптен, анамды таңдадым, сенің керегің шамалы, бала белде, қатын жолда, осымен болдық, шаруа бітті, жолың ашық, бара бер, кет деген тарқасулар. Сонда ұрпақтарын қаңғыртып жіберіп, өздері өмірден рахат көремін дейді ме? Бұл екінші қателік пе?

Келесі де бетке шыққан шиқан тәрізді көрінетін мәселенің бірі – ол тоқал, екінші әйел немесе төрт әйелдің жыры. Дәл осы мәселені отыз жыл бойына біздің ер-азаматтарымыз өз ұпайларына шешіп келді. Бір кем дүние, ислам, дін, мешіт, имам, молда, садақа жайлы айтылса, іштегі запырандары көтерілетін ер-азаматтарымыз осы хадисті сүйеу етіп, өздеріне өздері рұқсат беріп, түздік өмірлерін құрып жүр. Тіпті, бір әйелді еркек «Еркек емес» дейтінді шығарды. Үйінен қырық қадам аттамай жатып, көшеде өздерін еркін сезініп, белінен келетін уыздай жас қыздарға «бойдақпын» деп сөз салуда. Бір әйелден екіншіге көшіп, оны лақтырып үшіншіге, төртіншіге жеткенде күш-қуаты, қауқары біткен күйеулер Алланың берген құнды алтын уақытын ұрпағын жетілдіруге немесе ел түйінін шешуге емес, талақ сөзімен әйелдер көшіне жұмсап жүргендері өкінішті жайт. Бұл үшінші қателік!

Дегенмен мойындайықшы, бізде әйелге көңіл бөлмеушілік яғни үйде құл ретінде көру, сырттың жұмысына жегу, ақшасына дейін қағып алу деген бар. Бұл дегеніміз ризық табушы еркектің  жеке қызметшісі бар деген сөз. Әйтпесе, соңғы бес жылды алсақ, кешегі қақаған қыста өрімдей бес бала өртке оранбас еді, күйеуіне налыған келіншек екі баласымен тоғызыншы қабаттан секірмес еді. Қаланың демеймін, ауылдың әйелі бір ауыз сөзі үшін балалары алдында балталанбас еді, күйеуі аздай, ата-енеден таяқ жеп, соққы көрмес еді. Ызаға булыққаннан көше кезіп, зинаға бармас еді, үрімдей қыздарымыз уақытынан бұрын пәктігінен айрылмас еді, шетел асып, бөгденің қойнына жатпас еді, шараналар дәретханаларда шашылмас еді. Жүйкелері сау болса, шұбырып психологтарға қайырылмас еді, оларға қаражаттарын уыстап шашпас еді. Яғни бұл ішімізден іріп жатырмыз деген сөз. Сыртымызды бүтін демей-ақ қояйын, оның да жетісіп жатқаны шамалы яғни қауіп сыртта емес, нақ өзімізде. Сәл айналамызға көз салайықшы, қанымызда болмағанды қазір болдырып жатырмыз. Ауыз былапытқа толды, екі сөздің бірі белден төменге түсті. Алланың жаратқан адамы мал, қолдан түк келмейді, сөйте тұра аңдығандары мін, айтатындары сын. Атеист, ЛГБТ, Амилай, Нико, Ханата, Гугуша, Қолтықшаш және тағы да басқа арам шөп тәрізді сорақыларға жастарымыз ілесуде. Осы күнге дейін олар қайда болды? Әрине арамызда, ортамызда, ішімізде. Кешегі Кеңес дәуіріне тітіркене қарайтын біздер бүгін жетісіп отырмыз ба? Ұятсыздық пен арсыздықты жасап жатқан кімдер, сауатсыздар кімдер, дінсіздер кімдер, әрине өзіміз. Сонда бізге не болды, не көрінді сонша, кім болып барамыз?

Генетика ілімі – ағзалардың тұқым қуалаушылығы, өзгергіштігі туралы ғылым. Байқаймыз ба, арамызда бабалар тарихы түгілі өзінің жеті атасын білмейтін жетесіздер де кездеседі. Бүгінгі жастар жеті атасы мен тарихи шежіресін біледі ме? Егер олар білмесе, кінә да, күнә да біздікі. Өйткені, ата жолынан өзіміз жырағыдамыз, жеті атамыздың не өсиетін, не өнегесін, не салтын, не дәстүрін, не кәсібін, не өнерін, не дінін, не тілін жалғастыруда кембіз. Тіпті, Кеңес идеологиясынан арылмай жатып, батысқа мойнымызды тығып үлгердік. Сайып келгенде, батыс біздің дала заңымен емес, қала заңымен ұйықтап, қала заңымен оянатын капиталистердің елі. Сонда біз кімге еліктеп жүрміз? Бұған кінәлі заман ба, адам ба? Заманға келсек ол өз орнында, күн шығуы мен батуынан, мезгілдер уақытынан, сағаттың тілі өз бағытынан жаңылыспады. Ендеше неден қателестік, ойлана берейік. Негізіне келер болсақ, ұлтымыз яғни қазақ халқы ғаламның ешбір этносына ұқсамайтын, өзгеріссіз қалған, қаны таза, рухы биік, мысы басым, жігері мықты, Құдайға сенген, аруақты сыйлаған, намысты ту еткен ұлы даланың иегерлері. Ал, бүгінде расымен осындаймыз ба?

«Қоғамды өзгерту қиын емес, қиыны өзіңді өзгерту» дегенге қарай, қазақтың бүгінгі өміріне психология әлемі енді. Яғни психологтар өзге елдің бөгде біреуінен сатып алған дүниелерін таратып отыр. Тіпті, оның дұрыс-бұрыстығына қарамастан, кейбіреулері асыл дінімізді араластырып, Алланың аятынан ақша жасауда. Яғни шетел психологиясы ділімізге сәйкестендіріліп, генетикалық кодымызға егілуде. Былайша айтқанда, екпе алғанмен тең. Құбыласын танымайтын, шүкір етуді білмейтін қазақ таңнан кешке дейін айдалаға қарап аффирмация айтуда. Берері жоқ техникаларды орындап, Жаратқанның қалауын естен шығарып, армандар орындалады деп дүние қуалаумен әлек. Қазақтың қанына мұның қаншалықты сіңімді екенін біреуі ойламайды. Біле білгенге, ислам діні және одан бастау алған ата салтымыз бен дәстүріміз тұнып тұрған психология, іздегенге филология, ізденгенге философия, ауырғанға медицина. Енді ойлаңыздар, біздің қоғамды кімдер тәрбиелеп жатыр?

Қаншама сұрапыл кезеңді бастан өткерген жарықтық аталарымыз төбесінен рухын жығатын компартиясы қарап тұрса да, төс қалтасындағы партбилетіне, жүрегіндегі екі дүниесіне бекем болды. Алланы бір, дәстүрді ғұрып деп біліп, аумалы-төкпелі заманда елді аман алып қалып, сара жол салған дана жандар еді. Алайда, сол жолдан бүгін адасып жүрміз. Қасиетті Құран Кәрімде «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деген «Рағыд» сүресі бар. Біздің отыз жылда өзгергеніміз сонша, қазір қос қанатынан айрылған құстаймыз, дінге келсек атеистпіз, одан қалды террористпіз, дәстүрді тек наурызда көрсетеміз. Өзімізді менсінбейміз, өзгелерге тіксінбейміз.Нәпсіге құлмыз, біреулерге пұлмыз, әйелімізге қатпыз, баламызға жатпыз, туғаннан безіп, жырақты кезіп, ағайыннан ажырап, қадірі қашқан елміз. Шынымен қадіріміз қайда?

 

Нұрлан Байжігітұлы

Дінтанушы