ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ҚАЛАСЫНДА ӨТКЕН СУРЕТШІЛЕР СИМПОЗИУМЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгін Шымкент қаласындағы А. Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиумының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шара аясында көрме ашылып, симпозиумға қатысқан суретшілер марапатталды.
Шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев симпозиумның қала мәдениеті мен руханиятына берер маңыздылығына тоқталып, суретшілерге қала әкімінің арнайы алғыс хаттары мен сертификаттарын табыстады.
Кеш барысында Шымкент қалалық опера және балет театрының солисттері концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бүгінгі көрмеде қылқалам шеберлері кенеп бетінде шаһарымыздың көрікті жерлері мен табиғатын, бүгінгі келбеті мен қала рухын, сан түрлі бояумен бейнелеп, қайталанбас жаңа өнер туындыларын қаламызға тарту етті.
Айта кету керек, 18–22 маусым аралығында Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» халықаралық суретшілер симпозиумына Қазақстанмен қатар Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 16 суретші қатысты. Сонымен қатар, симпозиум аясында өнертанушылар мен суретшілер бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.
Симпозиумның басты мақсаты – қала келбетін, өңірдің тарихы мен салт-дәстүрін сурет өнері арқылы паш ету және ұлттық мәдени қорды жаңа туындылармен толықтыру.
Айта кету керек, қалалық А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың көрме залында «Шымкент — қызғалдақтар қаласы» атты көрмесі бір ай бойы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылатын болады.