«ҚЫЗҒАЛДАҚ» СУБҰРҚАҒЫ, АЛЛЕЯСЫ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Қызғалдақ – Шымкент қаласының символы. Қаланың логотипінде қып-қызыл сұлу қызғалдақ өрнектелген. «Қызғалдақ» субұрқағы – Шымкент қаласының символы саналатын қызғалдақты бейнелейтін ерекше нысан. Ол 2010 жылы «Қала күніне» орай ашылды.
«Қызғалдақ» субұрқағы Шымкент қаласының Бауыржан Момышұлы көшесі және Тәуке хан даңғылының қиылысындағы жинақы скверде орналасқан. Көктемнің сәуір-мамыр аралығында субұрқақ маңайы қызылды-сарылы қызғалдақтарға толып кетеді. Әрі, бұл маң қала жастарының жиі бас қосатын «Жастар» аллеясының маңында болғандықтан, қызғалдақ бейнелі субұрқақ нағыз жастықтың символына айналып кетеді.
«Қызғалдақ» субұрқағы – қаладағы ең үлкен субұрқақ. Оның жалпы биіктігі 10 метр болса, «қызғалдақтың» қып-қызыл түсті қауызының диаметрі 7 метр. Жапырақ және күлтелеріндегі әйнек бекітпелерімен қоса салмағы 7 тоннаны құрайды. Ал, «қызғалдақ» диаметрі 30 метрлік бассейн ішінде орнатылған. Үстіне шапшып тұратын су күн нұрымен әр-түрлі түске бөлеп, түс ауған шақта кемпірқосақ түсін шашырата көрік береді.
Қызғалдақтың қала символы болатындай өзінің себебі де бар. Өйткені, Шымкент қаласы орналасқан Батыс Тянь-Шянь тау қыраттарында әлемде өте сирек кездесетін, тіпті эндемик саналатын табиғи қызғалдақ түрлері кездеседі. Қазақстан жерінде қызғалдақтың отыздан астам түрі өссе, Шымкентте соның 8 түрі кездеседі екен.
Сәуір айы туғанда Шымкент шаһары қызыл-сары түске еніп, құлпырып кетеді. Қала көшелері, алаңдары, саябақтары мен аллеяларында қызғалдақтың неше түрі қауыз жарып, шаһар шырайын шырайландыра түседі. Шымкент символы саналатын қызғалдақтың сұлулығын көргіңіз келсе, осы маусымда біздің қалаға келіңіз!