ҚЫЗ АЛЫП ҚАШСАҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАСЫҢ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Бүгіннен бастап елімізде қыз алып қашуға тыиым салатын заң күшіне енді. Енді бойжеткендерді еріксіз некелесуге мәбүрлеген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу сияқты өзекті тақырыптарға қатысты бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Осыған байланысты түсініктеме берген ішкі істер министрілігі өкілдері:
— Басты жаңашылдықтардың бірі — Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпенің алынып тасталуы. Бұған дейін ұрланған адамды ерікті түрде жіберген адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді бұл мүмкіндік алынып тасталды: жәбірленушіні өз еркімен босатқан күннің өзінде кінәлі адам заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады,-деді.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекске жаңа «Некеге мәжбүрлеу» деген атаумен 125-1-бабы енгізілді. Енді бұл әрекет қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылады.
— Некеге мәжбүрлегені үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстың мән-жайына байланысты 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылады. Егер мұндай әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал егер мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, бұдан да қатаң жаза қарастырылған, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Некеге тұруға мәжбүрлеген жағдайда заңның 125-1 бабында «адамды күш қолдану немесе мүлікті жою не бүлдіру қатерін төндіріп, сол сияқты бопсалау жолымен, оның ішінде жәбірленушіні немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтердің жариялануы немесе таратылуы жәбірленушінің немесе оның оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялау немесе тарату қатерін төндіріп некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр».
Адам құқықтарын аяқасты етіп, мұндай қылмыс жасаған азаматтар енді 2 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 7 миллион 864 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Қылмыс жасаған адам егер бұл жазаға көнбесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Заңға өзгерістер енгізуге Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашы болды. Құқықтық құжатқа Мемлекет басшысы қол қойды және бүгіннен бастап күшіне енді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі соңғы жылдары бұл мәселеге жіті көңіл аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын бұзу мәселелеріне талдау жүргізіп келеді. Өйткені тап осы мәселе әлемде өтие өзекті. Ресми деректерге сүйенсек, бір жылда 736 миллион әйел физикалық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшырады. Ал біздің елімізде тек соңғы екі жарым жылда агрессорлық әрекеттерден 300 адам бақилық болған. Сондай-ақ денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірудің 837 дерегі тіркелген. Осындай зұлымдық әрекеттері үшін 37 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, мәжбүрлі некеге тұрған қыздар көбіне серіктестері тарапынан жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Өз ықтиярынсыз босаға аттаған бойжеткендер білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырылады. Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер жыныстық тұтастықты бұзуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға және тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да әкеледі.
Қыз алып қашу дәстүрі әлі күнге еліміздің оңтүстігінде жиі кездеседі. Оны тіпті абырой мен мәртебе көретін жәйттер де қылаң береді. Жалпы, қыз алып қашу Кавказда, Қырғызстанда, Қазақстанда, Эфиопияда және осындай әдет-ғұрыптар сақталған басқа елдерде кең таралған. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде бұл заңды неке емес, қылмыс болып саналады.
Википедияда жарияланған деректерге сүйенсек, әйелдердің құқығын қорғау ұйымдары Қазақстанда жылына қыз алып қашудың 5 мыңдай дерегі тіркелетін жазған. Мұндай әрекеттер бұған дейін қыз алып қашуға арналған арнайы заң баптары жоқ болғандықтан адам ұрлау бабы бойынша қарастырылып келді. Алайда іс жүзінде бұл бап сирек қолданылады, өйткені дәлелдеу қиын, әрі көбіне тараптар татуласуға мәжбүр болғандықтан көбіне кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын. Оған дәлел, 2019 жылдан бері қозғалған 214 істің 94,3%-ы сотқа жетпей қысқарып кеткен. Қыз алып қашуға тоқтам болмауының тағы бір себеі, ұрланған адамды өз еркiмен босатқан жағдайда, егер кінәлі тараптың әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылатын.