ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ- АДАМ ҰРЛАУ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданында тұрмыстық-зорлық зомбылық және қыз алып қашу мәселесі бойынша семинар-тренинг өтті. Жиынға адам құқықтары бойынша уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі «Көмек» дағдарыс орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Мәлика Әбдірашқызы Жүсіпова және  Келес ауданы Абай ауылы әкімшілігінің қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында қазіргі уақыттағы тұрмыстық-зорлық зомбылық мәселесі туралы талқыланып, қатысушыларға қыз алып қашу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, семинарға қатысушыларға қыз алып қашу бойынша арнайы буклеттер таратылды.

Жалпы елімізде заң талаптары қатайғанымен қыз алып қашу әлі де болса тиылмай тұр. Мұндай келеңсіздік әсіресе еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жиі орын алады. Прокурорлардың айтуынша, жігіттер көп жағдайда  өзінің отбасылық мәселесін осындай тәсілмен  шешкенді жөн көреді екен, өйткені олар қыз ұрлауды қылмыс көрмей, дәстүр деп ойлайды.

Қазақстандағы қазіргі тәртіп бойынша қыз алып қашқан немесе оған қатысқан тұлғалар «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ айтсақ, алып қашқан қыз некелесуге немесе жәбірленгені үшін кешірім бермесе, айыпты адам төрт жылдан жеті жылға дейін, ал, қылмыстық топ болса, жеті жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады

Қылмыстық кодекс бойынша қыз ұрлаған жағдайда жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал егер қалыңдықты бір топ адам ұрласа, яғни 12 жылға дейін түрмеге тоғытылады. Алайда  көп жағдайда адам ұрлаудың жартысынан көбі тараптардың татуласуымен аяқталып жатады. Осыған байланысты бұл бап (ҚР ҚК 125-бабы “Адам ұрлау”) татуласуды көздемейтін етіп өзгертілді.

Жалпы қыз алып қашу мәселесіне келгенде қоғамның пікірі әрқилы. Бірі құптайды, екінші айптайды, енді бірі оны дәстүр жалғастығы деп біледі. Бірақ зайырлы мемлекеттің басты құндылығы адам екенін ескерсек оның құқығы тапталмауы керек.