ҚЫСҚА МЕТРАЖДЫ ФИЛЬМДЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкентте «Samgau» республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі басталды. Бүгін Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Samgau» республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалінің шымылдығы түрілді. Жас әрі талантты режиссерлерді қолдауға бағытталған бұл ауқымды шара Қала күніне орай Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатыр.
Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық киноның дамуына серпін беру, жаңа есімдерді ашу және жас авторлардың шығармашылық ізденістерін қолдау көрсету. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 30-дан астам қысқаметражды фильм ұсынылып, олардың ішінен 20 үздік туынды ақтық сынға жолдама алды. Қатысушылардың жас ерекшелігі – 18 бен 35 жас аралығында.
Шараның ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, фестивальдің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде:
«Шымкент – анимациялық фильмдердің отаны деуге толық негіз бар. Кино – тек өнер ғана емес, ол – тәрбиенің бастауы. Осы арқылы жас ұрпаққа рухани құндылықтарды дәріптеп, қоғамның мәдени деңгейін арттыра аламыз», – деп атап өтті.
Фестиваль аясында қатысушылардың жұмыстарын еліміздегі кино саласының танымал тұлғаларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Олар:
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Мустафа Шоқай», «Келін» фильмдерінің продюсері – Қанат Төребай
Канн фестивалінің «Үздік актриса» жүлдегері – Самал Еслямова
«Айка» фильмінің режиссері, Канн фестивалінің лауреаты – Сергей Дворцевой
«Қошқар мен Теке» анимациялық фильмімен танымал режиссер – Батырхан Дәуренбеков
Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы – Адай Әбілдинов.
Айта кетейік, 23 маусым күні фестивальдің жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Kinopark кинотеатрында, «Hyper House» сауда орталығында сағат 15:00-де өтеді.
Барша киносүйер көрерменді күтеміз!