ҚҰМАН – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ МУЗЕЙЛІК КӨРІНІСІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Қазақ халқының материалдық мәдениетінде тұрмыстық бұйымдар ерекше орын алады. Солардың ішінде құман – ұлттық қолөнердің айшықты үлгісі әрі этнографиялық мұра ретінде құнды жәдігер. Құман – тек қана тұрмыстық қажеттілікті өтейтін ыдыс емес, ол халықтың дүниетанымын, тазалық пен қонақжайлыққа деген көзқарасын бейнелейтін символдық мәнге ие зат.

Бүгінгі таңда Сайрам музейінде  ХІХ-ХХ ғасырларға тән құмған үлгілері сақталған. Олар ұлттық мәдениеттің тарихи сабақтастығын, қазақ қолөнер шеберлерінің жоғары кәсібилігін көрсететін материалдық дереккөз болып табылады.

Құман – қолға су құюға арналған ыдыс. Бұлардың көпшілігі мыс, жез, шойын, металлдардан жасалған.

Көшпелі қазақ өмірінде металдан жасалған бұйымдар өте қолайлы болады. Өте ауыр және сынатын керамикалық ыдыстардың орнына төзімді темір ыдыстармен алмастырылды. Қазақ халқының металдан жасалған бұйымдары Орта Азиялық бұйымдарға ұқсас болып келеді. Өйткені, өзбек, тәжік, қазақ шеберлерінің жасайтын бұйымдарының пішіндері ұқсас. Көбіне олар дайын затқа ұқсастырылып жасалған. Мысалы, суға арналған құман, үлкен шәйнектері мен шәй демдейтін шәйнектері де ұқсас болды. Қазақта – шәйнек, өзбекте – чойнак, чой идиш. Құман, қазақта – құман, өзбекте – офтоба,обдаста, түрікте -ибрик. (ibrik).Сырттарындағы өрнектер де ұқсас, өйткені, темір бұйымдарды Бұқарада, Самарқантта өзбек, тәжік, иран шеберлері жасап шығарды.

Сонымен қатар, темір бұйымдарды қазақ ұсталары да жасап, Қазақстанның барлық жерлеріне таратумен бірге, Орта Азияға да шығарып отырды.

Құман тәрізді ыдыс түрлері  Ұлы Жібек жолы  арқылы қазақ даласына таралған деген болжам бар. Көне Исфиджаб  қаласынан табылған  қыш және мыс ыдыстар пішіні мен көркемделуі ирандық, арабтық,  үнділік үлгілеріне ұқсас. Бұл – құман ыдысы түрлерінің Жібек жолы бойындағы мәдени ықпалдастық нәтижесінде қазақ даласына тарағанын көрсетеді.Жергілікті шеберлер бұл үлгіні өз дәстүрімен үйлестіріп, ұлттық қолөнерге бейімдеген.

«Құман» сөзі  араб тілінен  енген, мәдени және діни ықпалмен бірге  қазақ тіліне  сіңген кірме  сөз.  «Қум-қум» немесе  «хум-хум»  шүмегі бар су құятын ыдыс немесе қақпағы бар құты деген мағынаны береді.  Түркі  тілдерінде  бұл сөз ислам діні тарағаннан  кейін, Х-ХІ ғасырлардан кейін қолданыла бастаған.

Махмұт  Қашғари өзінің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде қазіргі қазақ тіліндегі «құман» сөзіне дәлме-дәл  ұқсас  атау бермеген. Бірақ оның еңбегінде тұрмыстық заттар мен мәдениетке қатысты көптеген  сөздер  кездеседі. Құманға ұқсас заттар жанама түрде сипатталуы мүмкін. Махмұт Қашғари өмір сүрген кезеңнен  кейінгі  тілдік  эволюция барысында пайда болған

Музей қорындағы құмған үлгілері қазақ халқының көркемдік талғамы мен технологиялық мүмкіндіктерін айқын көрсетеді.

Құмғанның жасалу материалы мен технологиясы

Құмғандар көбіне мыс, жез, қола және күмістен дайындалған. Шеберлер металл өңдеудің мынадай тәсілдерін қолданған:

соғу – ыдыстың негізгі пішінін қалыптастыру;

шекіме – бетіне өрнек түсіру;

бедерлеу – көркемдік мән беру;

құю – ұсақ детальдарды жасау;

зерлеу – сәндік элементтер қосу.

Пішіндік және өрнектік ерекшеліктері

Құмғандар домалақ, сопақ немесе қырлы болып жасалған. Оның негізгі элементтері – қақпақ, тұтқа, шүмек. Қақпақ көбіне күмбез тәрізді, тұтқасы иілген немесе өрнектелген, ал шүмегі жіңішке, иінделіп келетін формада болған.

Оңтүстік өңірдің құмғандары – тек ыдыс емес, шеберлік пен рухани мәдениеттің көрінісі. Олар өз бойына ғасырлар бойына жинақталған тәжірибе мен өнерді сіңірген. Қолөнерші алдымен құмғанның пішінін қағазға немесе санасына елестетіп сызады, балғамен соғу арқылы құмғанның негізгі бөлігін- түбі, мойны, шекімелеу (өрнек салу),қақтау әдістері арқылы жасайды.

Өрнек жүйесі дүниетанымдық мәнге ие:

өсімдік тектес өрнектер – табиғат пен өмірді бейнелейді;

геометриялық өрнектер – үйлесім мен тәртіпті білдіреді;

космогониялық мотивтер – аспан әлемін меңзейді.

Қүман туралы этнограф ғалымдардың мәліметтері.

  1. А.Х.Марғұлан (1904-1985, академик,археолог, этнограф)

Қазақ халқының материалдық мәдениетін зерттей отырып, құманды “қазақ тұрмысындағы гигиеналық және қонақжайлық символы” деп атаған. “Құман – тек су құю құралы емес, көшпенділердің эстетикалық түсінігінің, көркемдік талғамының,тіпті наным сенімінің көрінісі. Ою-өрнектері-шебердің ішкі дүниесінің көрінісі”.

  1. Ө.Жәнібеков (1931-1998, этнограф,мемлекет және қоғам қайраткері)

Құманның формасына,ою-өрнегіне  қарай оны қай өңірге тиесілі екенін анықтауға болатынын жазады. “Оңтүстік өңірлерлерде құман шүмегі ұзын әрі иілген, бетіне араб калиграфиясы түсірілсе, Батыс Қазақстанда өрнек әлдеқайда қарапайым әрі тұтас денеге шоғырланған”.

  1. М.Қ.Қожа. (Тарих ғалымдарының докторы,этноархеолог).

Түркістан және Сайрам өңіріндегі археологиялық экспедициялар кезінде табылған құмандар туралы нақты мәліметтер береді. “Құман- ортағасырлық Сайрамдағы шеберханалардың жоғары технологиялық деңгейде жұмыс істегенін дәлелдейтін бұйым.Құман бетіне өсімдік тектес өрнектер салып,оны діни мәнмен де байланыстырған.

  1. Х.Арғынбаев (1919-1988, этнограф,профессор)

“Құман-үлкен үйде, әсіресе төрге жақын  орынға қойылып,қонақтарға су құю рәсімімен пайдаланылған.Бұл тазалықтың емес,мейманға деген құрметтің белгісі болған”.

Құмған – қазақ халқының материалдық мәдениетінде маңызды орын алған этнографиялық жәдігер. Оның тұрмыстық қызметімен қатар, көркемдік және символдық мәні зор. Бүгінгі таңда құмған музей экспозициясында  халық өнерінің үлгісі ретінде ұсынылып, ұлттық мәдени мұраның ажырамас бөлігі болып отыр. Олар қолданыстан шықса да, көне зеттар ретінде қолданыста жүр.

 

Ф.Эрметова

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК «Сайрам» музейінің ғылыми қызметкері