ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫНА БАЙЛАНҒАН 50 ШЕНЕУНІК ЖҰМЫСЫНАН БОСАТЫЛУЫ МҮМКІН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкентте құмар ойындарына байланған 50 шенеунік жұмысынан босатылуы мүмкін. Лудомания туралы заңға түзетулер енгізілгеннен кейін олар букмекерлік кеңселерде 400 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған.

Үшінші мегаполисте 50 мемлекеттік қызметші онлайн-құмар ойындарға тәуелділікпен ұсталған. Бұл туралы таратылған прокуратураның мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қолданылып жүрген тыйым күшіне енгеннен кейін олар букмекерлік кеңселерде 400 миллион теңгеден астам шығынға ұшырағаны белгілі болған.

Қалалық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Бегжан Құлатаевтың сөзіне мән берсек, қадағалау қызметі аясында жергілікті атқарушы органдардың шенеуніктері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына талдау жүргізілген.

Тексеру барысында 161 мемлекеттік қызметшінің ставкаларды букмекерлік платформа арқылы орналастырғаны анықталды. Бұл ретте, олардың ішінде 50 азамат тыйым салу күшіне енгеннен кейін мұны жасап отыр. Осы 50 адамның ставкаларының жалпы сомасы 443 миллион теңгені құрайды, – дейді прокуратура өкілі.

Тексеру материалдары уәкілетті тәртіптік комиссия назарына ұсынылды. Прокуратура қадағалау актісіне бастамашылық жасады, қазір заңсыз қызмет фактілері уәкілетті органдардың қарауында жатыр.

Осы жерде жұмсалған қаражат көлемі ерекше назар аударарлықтай. Тек 2024 жылдың қаңтар айынан бастап шымкенттік жергілікті атқарушы органдарының қызметкерлері ставкаларға 757 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігінің қарапайым табыс табатынын ескерер болсақ, осы аталған қаражаттың қалай пайда болуы туралы сұрақтар туындауы орынды.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандықтар egov Mobile қосымшасы арқылы 10 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындар мен ставкаларға қол жеткізуді шектей алады. Бұған дейін Қазақстанда соңғы он жылда 16 казино өз қызметін тоқтатқаны хабарланған болатын. Ресми түрде елде тек 6 лицензияланған казино тіркеліп, қызмет етіп келеді.

Қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуы (оның ішінде онлайн) қызметтік әдеп пен шектеулерді өрескел бұзу ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайларда еңбек шартын бұзу және жұмыстан босату қарастырылған, ал бұйрықтардың өзі құқықтық статистика органдарында тіркелуге жатады.