ҚҰМАР ОЙЫНДАРҒА ТЫЙЫМ САЛАТЫН ЗАҢ ҚАРАЛУДА
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Құмар ойындарға байланысты заң қазір Парламенттің Мәжіліс палатасындағы депутаттардың талқысында жатыр. Бейресми ақпарат дерегіне сүйенсек, қазір елімізде 400 мың адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Халық қалаулылары «e-Gov mobile» арқылы азаматтардың бәс тігуді өзі шектейтін мерзімді 10 жылға дейін ұзартуды ұсынып отыр. Қазір шектеу мерзімінің ең ұзағы 1 жыл ғана. Сондай-ақ енді букмекерлік кеңсеге тіркелу үшін азаматтардың жасы 25-тен жоғары болуы керек. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметкер болмауы тиіс. Заңда мұндай тетіктердің қарастырылуына әлі кәмілет жасына толмаған балалардың өзгенің атынан тіркеліп, бәс тігуі жәйттерінің жиілуі себеп. Парламент депутаттарының айтуынша 200 мыңға жуық бала басқа адамның атынан бәс тіккен. Яғни, ол балалар өзінің жеке куәлігіндегі цифрларды, басқа дүниелерді өзгерткен. Ағасының, бауырының акаунттарын алып, киви әмиян арқылы қолма-қол қаражаттарды салу ойындарын жүргізген.
ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Әділет Тұрғынбаев «2023 жылы букмекерлік кеңеселердің жылдық айналым табысы 300 миллиард теңгедей болған. Олар небәрі 9 айдың ішінде 79 миллиард теңге салық төлеген», дейді.
Заңдағы тағы бір тетік құмар ойынға елітіп, ресми түрде лудоман болып тіркелген азамат бірден диспансерлік есепке алынады. Одан кейін ол жұмысқа, мемлекеттік қызметке орналаса алмайды
Парламент қабырғасында 2022 жылы 3 мың 600 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың 700-іне лудомания себеп деген дерек те айтылды.
Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымынан өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев өз баяндамасында кейбір нормаға Үкімет қорытындысын алуға 1,5 жыл уақыт кеткенін айтады.
Жалпы, бәс тігуге әлемнің көзқарасы әртүрлі. Мәселен, Орта Азиядағы құмар ойыншылардың оны «табыс көзі» деп санаса, ал, батыс елдерінде букмекер мен казино адамдардың көңіл көтеру құралы ғана.