ҚҰҚЫҚТЫҚ ПСИХОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Құқықтық мәдениет бүгінгі күні адамдардың заңдарды білмеу мен оны сақтамау, қылмыстар мен басқа да құқықбұзушылықтардың орын алуына себепші болу, қоршаған ортаға, қоғамға зиян келтіру сияқты біржақты іс-әрекеттер мен қалыптасқан пікірлерге тоқтау қоятын негізгі шарты болуы қажет.

Қазіргі таңдағы демократияландыру үрдісі – белгілі бір мемлекеттік құзырлы органдар мен институттардың, ұйымдардың тарапынан жүргізілетін саяси немесе қоғамдық шаралар емес, әрбір азаматтың қоғамда өзінің құқығын білетін, азаматтық қоғам, демократиялы мемлекет қалыптастырудағы құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасының қалыптасуына тікелей байланысты.

Осы орайда, мемлекетіміздегі әрбір азаматқа Конституциямен кепілдік берілген құқығына шектеу қоймай, оның құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, қорғалуын және жеке тұлға ретінде қалыптасуына барынша мүмкіндік жасалған.

Құрылымдық тұрғыдан құқықтық сана екі негізгі элементтен тұрады: құқықтық психология және құқықтық идеология. Құқықтық психологияның мазмұны – адамдарда қолданыстағы құқықтық нормаларға және оларды қолдану практикасына байланысты пайда болатын сезімдер, эмоциялар, тәжірибелер, көңіл-күйлер, әдеттер, стереотиптер. Құқықтық идеология – бұл құқықтық шындықты концептуалды, жүйеленген түрде көрсететін және бағалайтын құқықтық идеялардың, теориялардың, көзқарастардың жиынтығы

Тәуелсіз, демократиялы мемлекетіміздің болашағының баянды болуы, азаматтарымыздың құқықтарының мен бостандықтарының қорғалуы мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі – әрбір азаматтың бойында құқықтық мәдениет пен құқықтық сананың қалыптасуына тікелей байланысты болатындығына тұжырымдама жасаймыз.

Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет – бұл ұлттың ортақ шаңырағы, оның тарихи шежіресі мен қалыптасуы, мәдениет пен ой-сананың дамуы, өркениеттілігі, яғни, барлық құндылықтары мемлекетпен оның егемендігімен таразыланатындығын түсінуі қажет.

 

Гүлнар АРҒЫНБЕКОВА,

заң ғылымының кандидаты