Байқағаныңыздай, қарт кісілерді құрыққа түсірудің тәсілі бәрінде бірдей немесе ұқсас: «полициядан» немесе «банктен» қоңырау шалып, өздерін тәртіп сақшысы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні алдауға, асықтыруға, қорқытуға көшеді. Сөйтіп, қомақты қаржыны талап етеді. Осылайша олар мемлекеттік маңызды, аса құзырлы мекемелердің қызметкерлері рөліне де кіре бастады. Олар үшін жақын танысыңыздың, туысыңыздың дауысын салып, құбылтып сұхбаттасудың да еш қиындығы жоқ.
Қаскөйлер өздерінің арам ниетін іске асыру үшін неліктен егде жастағы жандарды таңдайды? Оның бір емес, бірнеше себебі бар. Біріншіден, қарт кісілер өте сенгіш келеді. Оған қоса көбіне үйде жалғыз болады және ешкіммен араласпайды. Сәйкесінше, алаяқпен болып жатқан әңгімеге ешкім кедергі келтірмейді.
Екіншіден, олар алданғанын бірден түсінбейді. Түсінсе де, полицияға бірден шағымданбайды. Кейбірі тіпті алданып қалғанына ұялып, арыз жазуға да бармайды. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетеді де, алаяқтар ізін жасырып үлгереді.
Үшіншіден, зейнеткерлер көбіне зейнетақысын жинайды. Аса бір шығындары болмағандықтан ай сайынғы түсетін ақша жинала келе қомақты сумманы құрайтыны анық. Ал ол қаржыны «Ертең олай-бұлай боп кетсем үйдегілер қиналмасын», не болмаса жинақтап «Ұлыма, қызыма берем» деген мақсатта үйде сақтайды. Осы жайттарды жақсы білетін алаяқтар қарт кісілер туралы қажетті мәлімет жинап, оларды өз нысанасына жиі алады.
Алаяқтар өздерін полицейлер ретінде таныстырып, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, ал мәселені белгілі бір сомадағы ақша қаражаты шешетінін айтуы мүмкін. Мұндай жағдайда үрейленбеңіз, бірден полицияның 102 нөміріне қоңырау шалу қажет. Жағдайды баяндап, ақпаратты тексеріңіз.
Мына нәрсені есте сақтаңыз. Полиция қызметкерлерінің ақша сұрауға ешқандай құқығы жоқ. Мұндай жағдайда әңгімені ары қарай жалғастырмай, телефонды қоя салған дұрыс.