ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ –ҚОҒАМ АЙНАСЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында «Құқықтық сауаттылық – қоғамның айнасы» тақырыбында семинар сабақ ұйымдастырылды. Аудандық сот бастамашы болған шара Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінде өтті. Онда аудандық сот төрағасы Д. Машрапов оқушылар арасында жиі орын алатын әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарға кеңінен талдау жасады. Әсіресе балалардың түнгі уақытта ата-анасынсыз жүрмеуі, бөтеннің мүлкіне тиіспеу, көпшілік ортада қоғамға жат іс-әрекеттерден аулақ болу заңмен қадағаланатынын айтты. Сондай-ақ мектеп ұжымы арасында туындайтын дауларға тоқталып, еңбек дауларын соттан тыс шешу мәселерлерімен бөлісті.
- Құқықтық сауаттылық пен мәдениет қалыптастыру – әділет
жолы, қоғам, мемлекет, халық мүддесінің үйлестірушісі, заңдылық пен демократияның даму негізі болып табылады. Өйткені еліміздің әрбір азаматты өз құқығын, бостандықтарын, міндеттерін білуі тиіс және құқық нормаларын, заңдылық талаптарын берік ұстануы керек. Сонда ғана мемлекетіміз саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамып, тәртіп нығаяды. Қазір қоғам өмірінің барлық саласына терең өзгерістер енгізуде. Елеулі өзгерістердің бірі – демократиялық-құқықтық мемлекет құру. Сол себептен қазір сана-сезімі жоғары, өз іс-әрекетіне жауапты, әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделе алатын, өз шешімін қабылдай алатын азамат тәрбиелеу, -деді сот төрағасы Д. Машрапов.
Бұл мақсатты жүзеге асырудың басты күші – жастар. Сондықтан да жастардың құқықтық білімі мен тәрбиесін жетілдіруге бағытталған шаралар қажет. Құқықтық сауаттылық – құқықтық тәрбие үдерісі, құқықтық сауаттылық, құқықтық мәдениеттілік. Әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан хабардар болғаны дұрыс. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланыстылығын аңғартады. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы.
Семинар барысында сот төрағасы оқушылар мен ұстаздардың сұрағына жауап берді.