ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ БОЙЫНША ПІКРСАЙЫС ӨТТІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан қаласының білім бөлімі мен облыстық білім беруді дамыту орталығының жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының қолдауымен 9-10 сынып оқушылары арасында «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» тақырыбында қалалық пікірсайыс турнирі өтті.
Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заман талабына сай бейімдеуді мақсат еткен турнирге бөлімге қарасты 34 мектептен 22 фракция қатысты. Аса тартысты өткен шарада шәкірттер өз ойларын дәлелдеп бағуға тырысып, ой ұшқырлықтарын көрсетті.
Мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты талабы екені сөзсіз. Ішкі және сыртқы күрделі мәселелерді шешуде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісін қайта қарау керектігі анық сезіледі. Ал ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деген болатын.
Құқықтық мемлекет принциптерінің нығаюы, азаматтық қоғамның қалыптасуы және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуы олардың құқықтық мәдениетінің жағдайына, құқықтық сана деңгейіне тікелей байланысты. Осыған сәйкес, азаматтарды құқықтық тәрбиелеу құқықтық тәрбие жүйесіне қатысушылардың барлығының жұмысындағы басым бағыттардың бірі болуы керек.
Пікірсайыс туринирінің қорытындысы бойынша «Қазақ лигасынан» Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектебінің «Аманат» фракциясы І орынға ие болса, «Орыс лигасынан» Некрасов атындағы №9 мектепгимназиясының «Жарқын болашақ» фракциясы жеңіске жетті. Ал, «Ағылшын лигасында» М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының «Rise» фракциясы жеңімпаз атанып, облыстық турнирге жолдама алды. Барлық жеңімпаздар бөлімнің марапатына ие болды. Пікірсайыс соңында Түркістан қаласы білім бөлімінің әдіскері М.Искакова қорытынды сөз алып, қатысқан командаларға алғысын жеткізді.