ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЖОЛ ҚАУПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАСТЫ МІНДЕТ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында биыл  қылмыс саны  7 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық 33,2 пайызға, төрт түлікті барымталау 26,6 пайызға, бұзақылық 26,7 пайызға және тонау 5,6 пайызға азайды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу 86,5 пайызға жақсарған. Заңсыз айналымнан 8 бірлік қару және 488 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда және мас күйінде жасалған қылмыстар санының төмендеп келеді. Түркістан облысы полиция департаментінің құрылымдық сала басшыларының қатысуымен  өткен жедел кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау аясында жедел-қызметтің қорытындысы шығарылып, басым міндеттер айқындалды. Сондай-ақ жиында интернет-алаяқтықтың, есірткі қылмысының алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл және жол көлік оқиғаларын азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің жеке құрамға қылмысқа қарсы күрес, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін жақсарту, сондай-ақ полиция жұмысын цифрландыруды негізгі міндет етіп жүктеген.  Соның ішінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жандандыру, тұрғындар арасында интернет-алаяқтықтың, нашақорлықтың, мал ұрлығының, зорлық-зомбылық пен жасөспірімдер қылмысының алдын алу, жол апаттарын азайту бойынша түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар полиция қызметіне цифрлық шешімдерді енгізу және оқу орындарындағы бейнебақылау камераларын полиция департаментінің жедел басқару орталығымен біріктіру жөніндегі жұмыстар жалғасуда.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп»  республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы  аясында 2 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу, профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексеру, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау фактілерін анықтау, қылмыстардың жолын кесу және ашуды мақсат еткен шара барысында  полицейлер 69 қылмыстың ізін суытпай ашты. Қару-жарақ пен есірткі заттарын заңсыз сақтауға байланысты 12 деректі әшкереледі. Анықталған 2286 әкімшілік құқық бұзушылықтың ішінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуының 296 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ алкоголь өнімін өткізу ережелерін бұзғаны үшін 24 адам жауапқа тартылды.

Тәртіп сақшылары рейд кезінде мас күйінде автокөлік басқарған 22 жүргізуші мен қарсы жолаққа шығудың 18 фактісін анықтады. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін мыңнан астам жаяу жүргіншіге шара көрілді. Сондай-ақ 264 көші-қон заңнамасын бұзушы анықталып, оның ішінде 75 шетелдік сот шешімі бойынша ел аумағынан шығарылды.

Сонымен қатар полицейлер қоғамдық орындарда, көшелерде, оқу орындарының жанында және адамдар көп жиналатын жерлерде интернет-алаяқтықтың, нашақорлықтың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұнан бөлек жол бойында арнайы ескерту белгілері мен билбордтар орнатылып, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы бейнероликтерге өткізетін QR-кодтары бар жадынамалар таратылды. Өз кезегінде полиция барлық азаматты қоғамдық тәртіп пен жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстың алдын алу мақсатында 2025 жылғы 12-14 қыркүйек күндері аралығында елімізде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу, іздеуде жүрген адамдарды анықтау, заңсыз сақталған қару-жарақты, есірткі құралдарын тәркілеу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, сондай-ақ пробацияда тұрған тұлғаларды тексеру бойынша бірқатар кешенді жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда және көпшілік жиналатын жерлерде патрульдеу жұмысын күшейтіп, құқық бұзушылықтардың жолын кесу шараларын қабылдауда.

Сондай-ақ өңірде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасына  полицейлер  мен қоғамдық құрылым өкілі жұмылдырылды. Шара аясында құқық қорғаушылар полиция есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша  тексеріп,  шетелдік азаматтардың құжаттары зерделеніп, көші-қон заңнамасын бұзу деректері айқындалуда. Мәселен, Жетісай ауданында 765 қару иесін  тексерістен өткізіп, түрлі құқық бұзушылықтар бойынша 178 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, Түлкібас ауданында 10 күн ішінде 486 құқықбұзушылықты анықтап, әкімшілік  хаттама толтырды.