ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРА ӨТУДЕ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ азаматтармен сенімгерлік қатынастарды нығайту мақсатында “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шара аясында  өңір полицейлері үш аптаның ішінде 18,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 34-і ұсақ бұзақылық болса,  тағы  894-і  қоғамдық орындарды  ластау фактілері.

Бұдан бөлек 188 мыңнан астам мекенжай, 1863 шаруашылық ауласы, 564 саяжай учаскесі, 98 жалға берілетін пәтер және ішкі істер органдарында есепте тұрған 4346 адам мен 5408 қару иелері тексерілді. Нәтижесінде қаруды сақтау ережелерін бұзудың 26 фактісі анықталып, 11 тіркелмеген қару тәркіленді.

Сонымен қатар полицейлер іс-шара өткізу кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, алаяқтық пен бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Көші-қон саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында шетелдік азаматтардың тұрғылықты жерін, құрылыс объектілері мен базарларды, шетелдіктердің жалдамалы еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілерді тексерді. Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 300-ден астам шетелдік пен Қазақстан Республикасының 84 азаматы жауапқа тартылды. Жалпы жыл басынан бері Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 4 мың 781 мыңнан астам шетелдік азамат анықталған. Олардың ішінде сот шешімімен 973  мигрант елден шығарылып, қоғамдық орындарда қайыр сұраған 15 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған қазақстандық 161 азамат пен көші-қон саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзған 860 адамға шара көрілді.

Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасында заңсыз жүрген адамдарды анықтауға, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналары мен көші-қон заңнамасын бұзушылардың жолын кесуге бағытталған профилактикалық және басқа да іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.