ҚҰҚЫҚ БҰЗУ ЖӘНЕ ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН САҚТАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮСІНДІРМЕ ӨТКІЗУДЕ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысының аумағында жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру шеңберінде полицейлер оқу орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы бойынша түсіндірме өткізуде.
Айта кетейік, “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына және басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеуіне бағытталған.
Өңірде жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген үш тәулік ішінде полиция қызметкерлері 680-нен астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 60 ата-ана жауапқа тартылды.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 572 фактісі анықталды. Сондай-ақ жасөспірімдердің сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуының 21 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 14 дерегі және қоғамдық орында мас күйінде болудың 3 фактісі анықталды.
Мәселен, ал Кентау қаласында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден кейін дәмханада болған жасөспірім анықталды. Мекеме иесі мен кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылық жасауға бейім 36 кәмелетке толмаған мен 25 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды.
Сондай-ақ түркістандық полицейлер «жас сақшылар» сыныбына да тұрақты дәріс өткізіп келеді. Жол ережесін толыққанды түсіндіру бойынша ұйымдастырылған сабақ бұл жолы №28 жалпы орта мектебіндегі батыр полицей Ғ.Байтасовтың атына ашылған полиция сыныбында өтті.
Жастармен кездесуге Түркістан облысы Полиция департаментінің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, Түркістан облысы ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев арнайы барып, өмірлік азық болар тәжірибелерімен бөлісіп сұқбаттасты.
Сондай-ақ оқушыларды маңызды жол белгілерімен таныстырды. Жолда жүру ережесін қатаң сақтаудың, жаяу жүргінші жолағының, тротуардың қаншалықты маңызды екендігін ұғындырды. Түрлі суреттер арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттырып, белсенді қатысуларын қадағалады.