ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР САНЫ АЗАЙДЫ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Бүгін Шымкент қаласындағы 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Жайдары жаздың үш ай қызығын аяқтаған оқушылар сағынышпен алтын ұя-мектептеріне оралды. Осылайша, биылғы оқу жылында 242мың 525 оқушы партаға жайғасып, білім жолындағы ізденістеріне кірісті. Оларға 19 мыңнан аса педагог сабақ беретін болады.
Бүгін шаһардағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде өткен салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Ол білім ұясындағы оқушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті педагогтар мен шәкірттер бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің келешегін айқындайтын жауапты кезең. Өйткені алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.Бұл тұрғыда ұстаздарға артылар жүк ауыр. Міндет жауапты. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!,-деді ол.
Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің тарихы тереңде. Іргетасы осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қаланған білім ұясынан Бауыржан Момышұлы, Әбілдә Тәжібаев, Өмірбек Жолдасбеков сынды ұлт мақтаныштары қанат қаққан. Сондықтан да бұл мектептің әрбір ата-ана үшін орны орасан.
Шымкент қаласында биылғы оқу жылында 20 жаңа мектеп ашылды. Соның арқасында оқушылары үш ауысыммен білім алатын мектептер саны төртеуге қысқарды. Білім ұяларының 97,8 пайызы бес күндік оқу жүйесіне көшті. Үш ауысымда білім беретін 5 мектеп әзірге алты күн бойына сабағын жалғастырады. Өткен жылмен салыстырсақ, бес күн оқитын мектептер – 61-ге артып, 6-күн оқитын мектептер 40-қа кеміген. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша биыл жыл соңына дейін 12 мың 990 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға беріледі.