ҮШ МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНАН ҚОСЫМША ҒИМАРАТ САЛЫНЫП ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент республикадағы дербес қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде 51 мектеп салынды. Осылайша шаһардағы білім беру ұяларының саны 203-ке жетті. Қарқынды құрылыстың арқасында  қаладағы апатты мектептер түгелдей жойылды. Ал балалар үш ауысымда оқытылатын мектептердің мәселесі  келер жылы түбегейлі шешіледі.

Биыл Шымкентте оқушы санының артуына байланысты 3 мектептің жанынан қосымша ғимарттар тұрғызылуда. Солардың бірі  С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектеп. Білім ұясы  1 мың 200 оқушыға арналып салынған болатын. Қазір мұнда  3 мың 556  оқушы білім алады. Шәкірттер санының   шамадан тыс көп болғандығына байланысты қазір оның жанынан  қосымша ғимарат тұрғызылуда.

Жаңадан салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы 375 орын. Екі ауысымда 700-ден аса оқушының білім алуына толық жағдай бар. Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы биылғы жылдың наурыз ауында басталды. Құрылыс келер жылдың тамыз айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп гимназиясы жанынан салынып жатқан  қосымша ғимараттың құрылысы да келер жылдың тамызында бітпек.  Жаңа оқу корпусында  мыңнан аса оқушы екі ауысымда білімін жалғастыратын болады. Құрылыс  жобасына сай 25 оқушыға лайықталған 24 сынып бөлмесі, футбол және ашық спорт алаңы,  жүгіруге арналған арнайы жолақ салынып,  есік алдына субұрқақ орнатылады. Аталмыш мектепте бүгінде оқушы саны 3 мың 268-ге жеткен. Соның нәтижесінде «Сайрам» шағын ауданындағы білім ұясында балалар үш ауысыммен оқуға мәжбүр.

Шаһардағы  № 45 мектеп-гимназиясында да осы жағдай. 300 орындық жапсарлас ғимаратты «ЖАҢА АРНА 2002» компаниясы жүргізуде. Жоба бойынша мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. 25 оқушыға шақталған 12 сынып бөлмесі салынуда.  Құрылыс аяқталған соң мектепте қосымша 33 жаңа жұмыс орны ашылады.. Құрылысы наурыз айында басталған,  нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.