Күні кеше Шымкент қаласының Әл-Фараби кітапханасында өңіріміздің танымал қаламгері, Үмітхан Алтаеваның «Үміт» кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге қаламыздағы қолына қалам ұстаған қауым жиналып, Үмітхан апай туралы естеліктер айтылып, оның қаламынан туған шығармалар топтамасы туралы жылы лебіздер ортаға салынды. Сондай жылы лебіздің бірін фейсбук әлеуметтік желісінде бөлісілген белгілі журналист Жәмилә Мамырәлінің парағынан байқап қалдық. Естелігін бөлісіп отырмыз.
Үмітхан апай редакцияда «Руханият» бөлімінің меңгерушісі болды. Авторы көп бөлім. Ақын-жазушы, тарихшы, кітапханашы, әнші-жыршы… бәрі туралы мақала жазатын да осы бөлім ғой. Ал, бұл авторлар шығармасын қысқа қайырмайтыны тағы белгілі. Оларды кейіпкер еткен мақала, сұхбат та сүбелі, ұзағырақ толғап, айқарма беттен орын алатындай көлемде болатыны да анық.
Айтайын дегенім, жұмысы көп болғанымен, газет бетіне жариялану арқылы елге көрінетіні аздау бөлім еді. Авторлық мақаласы өте көп, секретарияттағы ең қалың папка да осы бөлімдікі еді. Үмітхан апайдың қолында болса, ана папкада жиналып жатпай газетте поэзия, проза, тарих, тағылым беттері нөмір сайын шығатын еді… Шығармасын газет бетінен күткен талай авторға басу айтып, жігерін жасытпай, жазарын тоқтатпауға үміттендіретін де өзі еді.
«Адамның көңіліне қарап сөйлеу – имандылықтың белгісі» деп жатады ғой. Көркем мінезден болса керек. Үмітхан апай сондай еді. «Турасын айтамын» деп тасыраңдап, «Бетке айтамын мен!» деп бетпақтанып жүрген талайлардың «шындығын» Үміт апай байыппен, көркем сөзбен көркемдеп-ақ жеткізген. Жеткізгені сол болар, Анар Жаппаркулова айтпақшы, Айтыстың ақтаңгерлерінің өзі одан «қорқатын». «Пәленше ақын бұл жолы айтысқа дайындықсыз шықты. Былтырғы «қоржынын» арқалап келе салыпты» деп мақаласына қосып жіберуші еді…» деді бүгін Анар ақын. «Осындай сынға ұшырап қалмау үшін дайындалатынбыз» деді.
Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби Кітапханасында Үмітхан апайға арналған «Үміт» атты кітаптың тұсауы кесілді. Күрмеуі шешілді. Қаламы мен отбасынан асқан байлығы болмаған қарапайым журналиске деген құрметті көрдік. Үмітхан апайды сағынған әріптестері, көзкөргендер түгел жиналғандай. Оның жазбасын сағынған оқырманы, мақаласына кейіпкер болғандар да осы кештен табылды. Кітапты өнегесін ала білген шәкірттері Laura Tastanbek , Nazgul Nazarbekova , Dilara Bimenova құрастырды. Ұстазына деген ізетін, шәкірттік парызын алтын қыздар осылай өтеуге тырысты. Өркендері өссін. Журналистің қолдаушысы – журналист. Жоқтаушысы да сол. Әріптестің әлемін әріптестен артық адам біле қоймас-ау.
Кітаптың жарық көруіне демеушілік еткен Қайрат Балабиевтей руханияттың қамқоршысына мың алғыс. Жақсы істің басына жақсылар ғана келетіні рас қой. «Мен де тағы 100 данасын шығарып берейін» деген азаматтар табыла кеткенін қараңызшы?! Уәли Қыдыр осылай деп уәде етті. «Құрылысшы болсақ та руханиятты жақсы көреміз. Уәдеде тұратындар көппіз» деп ортаға Ақылбай Оразов деген азамат та суырылып шығып, «Үміттің» тағы 100 данасын басуға демеуші болмақ. «Бәрекелді!» дейтін берекелі іс болды бұл.
«Үміттің» күрмеуі кітапханада шешілгені өте орайлы іс болды. Үмітхан апай кітапханашыларды насихаттайтын. Олар жайлы, олардың еңбегін оқырманға паш етуге құмбыл еді.
Мен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 1998 жылы келдім. 1-2 жылдан соң редакцияға Үмітхан апай келді. Екінші келуі екен. Алдын осында істеген. Сосын декреттік демалыстан соң медицина саласында еңбек етіпті. Мен 2010-да кетіп, 2015 жылы «Оңтүстікке» қайта келдім. Алдымнан Үмітхан апам шықты. Үзеңгілесе жүріп, ол «Дәру» қосымшасын, мен «Зәру» қосымшасын шығардық. Бұл «Оңтүстіктегі» негізгі жұмысымызға қосымша міндетіміз еді…
Мұның бәрін де «Үміт» кітабына енген естелігімде айттым.
Сонша жыл бір редакцияда еңбек етсек те, Үмітхан апайдың біз білмейтін қыры, сыры мол екен. Оның бәрін Лаура қыз «Үміттің» ішіне сиғызыпты.
Мұның бәрін білгіңіз келсе «Үмітті» оқыңыз. Оны оқу үшін кітапханаға барыңыз. Ол жақта «Үміт» бар…
Жәмилә МАМЫРӘЛІ
Журналист