ҮШ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ 110 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 130,3 миллиард теңге. Бұл жобалардың барлығы сәтті жүзеге асса өңірде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда жоспарға енгізілген жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, кәсіпорындар ырғақты әрі тұрақты жұмыс кестесіне көшуде. Соның нәтижесінде облыс экономикасына 40 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Жаңадан іске қосылған өндіріс орындарында 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Инвестициялық жобалардан облыс қазынасы 2,1 миллиард теңге салықпен толықты. Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің ұдайы бақылауында.
Бұл жұмыстарды одан әрі ілгерілету мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті. Басқосуда «Turkistan» индустриалды аймақтарындағы жобалар мен олардың жүзеге асу барысы жан-жақты қаралды. Жиында әкім салаға жауапты мамандарға индустриалды аймақтарды кеңейту мен жаңадан құрылатын өндірістік алаңдарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
– Индустриалды аймақтар – аймақтың экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нәтижелі жүргізуді талап етемін, – деді жиында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы сонымен қатар индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи талаптарға сәйкестендіру қажеттігін де атап өтті. Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Қазіргі уақытта тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – әрбір аудан мен қалада өндірістік алаңдарды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамытатын инфрақұрылым құру.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов сала бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндады. Қолға алынған жобалар аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалар арасында тығыз үйлесімде жүзеге асырылуда. Индустриалды аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалардың көпшілігі құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісіне бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар тиісті индустриалды аймақтарға енгізілді.
Басқарма басшысының айтуынша 2025-2028 жылдары аралығында облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін жалпы құны 2,3 триллион теңгені құрайтын 110 инвестициялық жоба іске аспақ. Нәтижесінде 19 мың 783 жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде 57 инвестициялық жоба іске қосылады. Нәтижесінде 6 мың 908 адамға жаңа жұмыс орны жасақталмақ. Инвестициялық жобалардың жалпы құны 322 миллиард теңгеге.
Жалпы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалдық аймақ ашылған. Ағымдағы жылы индустриалды аймақтарда 17 жоба іске қосылады. Сондай-ақ, қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалдық аймақты ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда.
Бұдан бөлек, облыста жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Осы ретте, 2025 жылы 26,3 миллиард теңгеге 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, Түркістан қаласындағы 31,2 гектар аумаққа «Қолөнер қалашығы» салынуда, Яссауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жеке инвестиция есебінен Түркістан қаласында 11,8 гектар жерге «Аквапаркі бар қонақ үй кешенін» салу көзделуде. Облыстық бюджет есебінен халықаралық талаптарға сәйкес келетін «Ипподром» және елімізде теңдесі жоқ, әмбебап «Ескек есу каналы» салынуда.
Бұл нысандардың құрылысы аяқталғаннан соң тағы 1 мың 130 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
– Біздің алдымызда Түркістан облысын жан-жақты дамыту міндеті тұр. Инвестициялық ахуал жақсы, толық қолдау көрсетіледі. Сонымен бірге біз инфрақұрылымды дамыту, ауыз су жүйелерін реттеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға да мүдделіміз. Кездесуде айтылған ұсыныстар зерделеніп, тиісті жұмыс басталады деп сенемін, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ өткен аптада өңір басшысы бір топ инвестормен кездесті. Жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Басқосуда
ауыл шаруашылығы, құрылыс және өзге де салалар бойынша жобалар талқыланды. Қос тарап жобаларды нақтылап, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.