ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ – ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ НЕГІЗІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Ұжымдық шарт — кәсіпкер (немесе фирма әкімшілігі арқылы оның өкілі) мен қызметкерлер (кәсіподақ арқылы олардың өкілдері) арасындағы еңбек жағдайы, жалақы, кәсіпорындағы жұмысшы ұйымдарының құқықтары туралы келісім. Көп жағдайда осы құжат арқылы еңбек заңнамасының нормалары нақытылана түседі.

Ұжымдық шарттың жасалу, танысу және орындалуын талап ету тәртібі қандай?

Ұжымдық келіссөздерді бастау және ұжымдық шартты жасасу туралы ұсынысты тараптардың кез келгені жасауы мүмкін. Ұжымдық шарт кемінде екі данада жасалады және оған тараптардың өкілдері қол қояды. Жұмыс беруші тараптар қол қойған ұжымдық шартты қол қойылған күннен бастап бір ай ішінде мониторинг үшін облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға ұсынуға міндетті. Жұмыс беруші, ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен ұжымдық келіссөздер жүргізуге, ұжымдық шарт жасасуға және жұмыскерді ұжымдық шартпен таныстыруға міндетті. Ал, жұмыскер, жұмыс берушіден еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындауды талап етуге құқығы бар.

Ұжымдық шартты орындамағаны үшін қандай жауапкершілік қаралған?

Ұжымдық шарттың ережелерінде өзгеше көзделмесе, ол қол қойған кезден бастап күшіне енеді және тараптардың орындауы үшін міндетті болады.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес ұжымдық шартты, келiсiмдi жасасу, өзгерту немесе толықтыру жөнiндегi келiссөздерге қатысудан жалтару немесе көрсетілген келiссөздердi жүргiзу мерзiмдерiн бұзу, тиiстi комиссияның жұмысын тараптар айқындаған мерзiмдерде қамтамасыз етпеу, ұжымдық шарт, келiсiм бойынша міндеттемені орындамау немесе бұзу – ұжымдық шарт, келiсiм бойынша мiндеттемелердiң орындалмауына кiнәлi тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.