ҰЙҒЫР ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ МЕН ӨНЕРІ — РУХАНИ БІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы ұйымдастырды.

Мерекеге Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.

Алдымен, қатысушылар ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады.

Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов:

«Қазақстан халқы Ассамблеясы — бейбітшілік пен келісімнің символы. Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі татулық пен өзара құрмет. Осындай мәдени іс-шаралар арқылы біз бір-біріміздің дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді тереңірек танып, ортақ құндылықтарды нығайта түсеміз», – деді.

Іс-шараның салтанатты ашылуы «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталды. Кеш барысында ұйғыр мәдениетінің ерекше өрнегін көрсеткен өнер ұжымдары мен жас таланттардың орындауындағы ән мен би көрерменнің көңілінен шықты.

Сахна төрінде Т.Молдағалиевтің сөзіне, С.Байтерековтің әніне жазылған «Жан досым» әні шырқалып, Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының әуезді әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетсек, биылғы 2025 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы республика көлемінде кең ауқымды атап өтіліп келеді. Бұл мерейтой туралы ҚР Үкіметі «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы арнайы Қаулы қабылдаған болатын. Соның аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Шымкент қаласында өткен бБүгінгі жиын да сол дәстүрлі шаралардың жалғасына айналып отыр.