ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫ САҚТАУ МЕМЛЕКЕТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Жер бетінде сан-мыңдаған ұлттар өмір сүреді. Бәрінің өзгешілігін білдіретін нәрсе – салты мен дәстүрі. Ұлт діңгегі- көнеден қалыптасқан салт пен дәстүр боп қала бермек. Қазақтың дәстүрлі киімі әдемілігі жағынан әлемді тәнті етіп отыр. Бір сәукеленің құны 500 жылқылық болғаны тек қазақта ғана болған. Қазақ, қыздың әшекей-бұйымына малын аямаған. Қызының абыройын малдан биік қойып, қыздың мұңсыз өсуіне ерекше мән берген. Қыздың орыны төр болған. Қызды құрметтегені соншалық, қыздан туған жиенді де құрметтеп, жиен не сұраса, қабыл алып, орындаған. «Жиенді жылатпа!..» деген қағиданың артында «Қайынжұртының алдында қыздың абыройын ойлау» процессі тұр. Төркіндеп келген қызға қалағанын беріп, қолын қақпаған.

Соңғы кезде елімізде жас қыздардың хиджапқа орану үрдісі белең алғаны қоғамды алаңдатып отыр. Қазақ ұлты қызын күйеуге ұзатылғанша еркелетіп еркін ұстаған. Өмірлік ақ босағасын аттап басқаннан-ақ өзге үйдің тәртібіне түсіп, оң босағадағы еркелігінен айырлатынын білген. Оң босағадағы қазақ қызы басына жаулық самаған. Ат үстінде тұлымы желмен жарыса желбіреп, басына тиқия киген.

Қоғамда әсіресе, қара киімге оранған қыздарымыз көбейіп бара жатқаны қатты алаңдатып жүргені жасырын емес. Қара киімді қазақта – қаралы қазаға ұшыраған отбасы әйелдері киінген. Қара киінсе – отбасында етжақыны өмірден өткенін айтпай-ақ білген. Қазақ қыз-келіншектері үстеріне «Тіршілік феномені» – Күн мен Ауа, Шөптің түсін білдіретін көк, қырмызы, сары, жасыл түсті матадан киім тіктірген.Өмірдің ғажаптығын білдіретін көңілді түспен «Адам бойына бақыт, мейірім, қуаныш сіңеді» деп сенген. «Кер маралдай керілген, аяқтарын тең басуға ерінген», «Ақмаңдайлым», «Ақ тамағың үлбіреген», «Шолпыңның сыңғырын-ай?!.» деген балама сөздің бәрі – матаға оранбаған тақиялы қазақ қыздарының сұлулығына тамсанғаннан туған сөздер, әндер. «Хиджап киме  десе, «Ашық-шашық жүргеннің несі жақсы?» деп, қарсы дау туғызады. Неге ашық-шашық?! Хиджапсыз да қос бұрыммен шолпы тақсаң, қынама бел жарасымды көйлекпен неге сұлу болмасқа?!

Әдемілік – әлемді сұрықсыздықтан құтқарып тұр. Егер, сұлулықты қаламаса Жаратқан иенің Өзі Жер бетіндегі сұлулықты жаратпас еді ғой?.. Құдыреті күшті Алланың Өзі жердің бетіне ең шебер деген суретші саламайтын сұлулықты жаратты. Сұлулықты көруді адамзатқа нәсіп етті. Алла сыйлаған сұлулықтан неге қашамыз? Қазақ қыздары ер-азаматпен теңдей ат жалында жүріп елін, жерін, ауылын келген жаудан қорғаған. Ойлап қарасаңыз, ХХ-шы ғасыр басындағы Ұлы Отан соғысында қазақтан басқа мұсылман ұлттар арасынан Қаһарман шықпады. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз сынды апаларымыз жоғары техникамен жабдықталған фашистерден тайсалмастан соғысып, қасық қанын төкті. Бұл – қазақ қыздарының «Келген жаудан отан қорғау» жады қанына сіңгенін айғақтап тұр.

Дінді ғана ұстанып, дәстүрін тәрк еткен елдерде қазақ қыздарындай қаһарман шыққаны кемде-кем. Бұным кемсіту мақсатында айтылған сөз емес. Дәстүр мен салттың адам санасына қаншалық пәрменді екенідігінің айғағы боп тұрған мәселе екендігін айтам. Ислам діні – ең ғажайып, мөлдір дін. Сондықтан да исламнан соң дін жаратылмады. Тек, арабтың дәстүрін қазаққа тықпалаудан сақтанғанымыз жөн. Атадан сақталып жеткен салтымыз бен дәстүрімізді жоғалтпау – бізге аманат.

Қытай императоры ұлы данагөй Конфуцийді шақырып; «Көрші елді соғыссыз жаулап алғым кеп отыр. Ол үшін не істеуім керек?» дегенде, Конфуций «Дәстүрін жойыңыз. Дәстүрінен айырылған ел – мәңгүртке айналады» деген екен. Демек, адамзаттың сақтап қалатын әр елдің өз жадына сақталған ұлттық дәстүрі. Өзгенің дәстүріне табынған кезде – ұлттық болмысымыздан айырылып, мәңгүрттік формаға айналамыз. Оған жол бермейтін жалғыз жол – салтымыз бен дәстүрімізге берік болу!

 

Сая Қасымбек, драматург