«ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕ – ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ СИМВОЛЫ» КӨРМЕСІ ҚОЙЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгін, 15 қараша – Қазақстан Республикасының төл теңгесінің күні, «Теңге күні». Осы айтулы датаға орай, «Шым қала» тарихи-мәжени кешенінде «Ұлттық теңге – ел тәуелсіздігінің символы» деп аталатын көрме жабдықталып, музейге келушілер назарына ұсынылды.

Теңге – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы. Халқымыз теңгені бұрын да пайдаланған.

Шымкент қаласының тарихы 2200 жылдық тереңнен басталатынын жиі айтамыз. Шымкент қалашығы археологиялық ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Б.Байтанаевтың П.Н.Петров, А.О. Брагинмен бірлесе жазған «Денежное обращение в Южном Казахстане в III – XV вв» деп аталатын еңбегінде Шымкент қаласынан табылған ортағасырлық теңгелерге тоқталады.

Аталған еңбектегі мәтінге тоқталар болсақ:

«Шымкент қалашығы негізінен қазіргі Шымкент қаласының құрылыстарының астында орналасқан. Тек бір цитадель мен шахристан бөліктері жарқабақ үстіндегі биіктікте орналасып, іс жүзінде қала құрылысына әсер етпеді. Ортағасырлық қала Испиджабтан батысқа қарай 12 км жерде орналасқан (қазіргі Сайрам қаласы). Б. А. Байтанаев бұл археологиялық ескерткішті ортағасырлық Нуджикет қаласына сәйкес келеді деп анықтады (Байтанаев Б.А., 2012, 41-69 ББ.).

Қазіргі уақытта цитадель мен шахристанда үлкен аумақтарда жүйелі қазба жұмыстары жүргізілді. Шымкент қалашығының цитаделі мен шахристанның қирандыларынан табылған заттардың 65%-дан астамы мыс монеталарының қатты коррозиясына байланысты айырым белгілерін анықтау мүмкін болмаған.

Табылған монеталардың ең көп бөлігі XVI-XIX ғасырларға жатады. Табылған заттардың жалпы сипаттамасын қарағанда, жалпы барлық теңгелер – 64 дана болса, оның ішінде мыс (оның ішінде күміс жалатылған мыс) теңгелер 56 дана, күміс теңгелер 8 дана (оның ішінде сынықтар).

Шымкент қалашығы аумағынан табылған монеталар туралы сөз еткенде 823/1420 ж. соғылған Тимурид мыс монеталарының бір көмбесі табылғанын да ескерген жөн. Мыс монеталары коррозиядан қатты зақымдалып қана қоймай, кейбір күміс монеталар да болды» деп дерек келтіреді.

Бұған қоса, Б.Байтанаев жоғарыда келтірілген еңбекте қазіргі Шымкент  қаласының аумағына жататын Сайрам, Жыланбұзған, Қайнарбұлақ секілді бөліктерінен біздің заманымыздың І-ІІІ ғасырларында өмір сүрген Кушан патшалығынан бастап, тарихтың сан тарауында билік жүргізген Сасанидтер, Түркештер қағанаты, Ферғана, Таң династиясы, Аббасидтер, Тахидтер, Саманидтер, Қарахандар қағанаты, Қарақытайлар хандығы, Ануштегинидтер, Солтүстік Сун әулеті, Шыңғысидтер, Шағатай ұлысы, Жошы ұлысы, Теміридтер, Қазақ хандары, соңында Қоқан хандары кезеңдеріне жататын түрлі теңгелер жинағы табылған.

Жалпы, қазақ жеріндегі ерте замандарда теңгелерді Түркістан, Отырар, Тараз қалаларындағы арнаулы шеберханаларда жасалған.Теңге еліміздегі алғашқы ақша емес. Ежелгі Қазақстан аумағында ақша бұдан көптеген ғасырлар бұрын пайдаланылған. Сырдарияда, Отырар алқабында түркі билеушілері, ал Жетісуда түргештер 7-8 ғасырларда өз ақшаларын шығарған. Отырар мен Исфиджабта монета сарайлары жұмыс істеген. Оныншы ғасырлардың ортасы мен сегізінші ғасырларда қалалар тез өсіп, тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғая түсті. Ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылды. Алтын монеталар да айналымға түсті, бірақ ол саудада дара түрінде ғана емес, салмағына қарай пайдаланылды: монетаны қажетіне қарай кесектеп сындыратын болған. Он төртінші ғасырдың соңынан бастап Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енді. Бұлардан басқа Қазақстан қалаларында саудада Самарқанд, Бұхара, Ташкент монеталары, негізінен, мыс динарлар пайдаланылды. Қазақстан ақшасының бұрынғы тарихы міне, осындай. Күрделі жиырмасыншы ғасырда Қазақстан біртұтас рубль аймағына кірді. Бұл 1993 жылдың қараша айына дейін, Қазақстан тәуелсіз ел атанғанға дейін жалғасты.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады. Коллекциялық монеталар Қазақстанның Теңге сарайында дайындалды. Көптеген қазақстандық монеталар сирек ұшырасатын бағалы туындыларға айналды және де бүкіл әлем бойынша нумизмат коллекцияларын көріктендірді. Көптеген монеталардың құны олардың номиналынан және сату бағасынан бірнеше есе асып түсті. Бұл жайт монеталарымыздың өте жақсы салымы болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы коллекциялық монеталарды 1995 жылдан бастап жасап келеді.

Қазақстан теңгесі — Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылы 15 қарашадағы жарлығы бойынша айналысқа енгізілді. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.