ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ БОЙЫНДАҒЫ ИСФИДЖАБ (САЙРАМ) ҚАЛАСЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігіндегі бірінші һәм бірегей ірі қала Исфиджаб болды. Сайрам (Исфиджаб) – Оңтүстік Қазақстанның орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. Сайрам шаһары – қазақ халқының материалды және рухани қазынасы.

Сайрам жөнінде ең алғаш рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген екен. Сайрам жайлы мәлімет Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түрік» атты еңбегінде де кездеседі. Онда «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты.

Осы Исфиджаб Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың ішіндегі өзгешесі. Сондай-ақ, ол Жібек жолының Қазақстандағы бөлігінде орналасқан ең ірі қала болған. Өйткені, оның жер-суы кезінде шығысындағы Талас пен Шуға, солтүстік батысындағы Сырдарияның орта ағысына дейінгі алқапты алып жатты. Ал, бүгінде көне қала орны Сайрамның оңтүстік батысында, яғни Шымкенттен 12 км жерде орналасқан. Исфиджаб қалашығы туралы зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.П.Иванов, 1925 жылдары М.Е.Массон, 1947 жылдары Н.Бернштам басқарған. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінен қаланың бірнеше қақпа, дуалдан тұрғанын байқаймыз. Қазба жұмысының барысында айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған көлемі 28 гектар жерді алып жатқан қаланың орны анықталған. Қала ішінде көптеген мазарлар күні бүгінге дейін сол бойы сақталған. Сондай-ақ, ортағасырлық әдебиеттерде Арыс пен Талас арасын жалғайтын сауда жолдарының маңызы орасан екені жиі айтылады.

Жібек жолының үстінде тұрған қаланың дамуына сауда мен қолөнер кәсіінің ықпалы зор болды. Онда ірі бай, іскер адамдар тұрды. Қалада әкімшілік басқару жүйесінің құрылуы қаржыларды қорландыруға, қазынаны мақсатты бағыттарға жұмсауға, экономиканы жүйелі дамытуға, оған бай адамдарды тартуға мүмкіндік берді. Кейінгі кездері табылған деректерді негізге ала отырып, қазіргі тарихшылар Сайрам жерін осы ұланғайыр кеңістікті мекендеген тайпалардың еркін араласу аймағы, яғни экономикалық орталығы болды деген болжам айта бастады.

Сол заманда орын алған шапқыншылықтар Исфиджаб өркениетіне ауыр соққы болып тиді. Шыңғыс ханның жер қайыстырған әскері Сайрам өңірін дауыл соққандай жапырып өтті. Сол трагедияның куәсі болған «Муджам-ал-булдан» атты географиялық сөздіктің авторы Яқұт Ханауи әр-Руми былай деп жазды: «Исфиджаб, Тараз, Сауран, Усбаникент және Фараб жазмыштың тәлкегіне тап болды… Сонан соң 616 жылы аспан мен жер жаралғаннан ешбір болмаған апатқа ұшырады. Олар осы қалада қалғандарды қырып-жойды. Тамаша баулар мен әсем қалаларда қираған қабырғалардан басқа және құрып кеткен халықтың сүрлеу-сорабынан басқа ештеңе қалған жоқ».

Исфиджаб аса ірі әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге, керуендер аялдайтын үлкен сауда орталығы ретінде де мәлім. Қалада сауда құрылыстары – керуен сарайлар мен «тимдер» көп болды. Керуен сарайлар (рабаттар) Нахшеб, Бұхара, Самарқанд көпестерінің иелігінде еді. Халықаралық сауда Орта Азия мен Шығыс шығарған және Исфиджабтың өзінде XI-XII ғасырларда шекілген жергілікті теңгелермен жүргізілді. Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл Шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, әкетіліп жатты.

Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі «Бұқара қақпасы» арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған «Нуджкет қақпасын» зерттеушілер Дех-Нуджикет қаласының атауымен байланыстырып, ол қаланы бір зерттеушілер Талас аңғарында орналасқан десе, Б.Байтанаев бастаған зерттеушілер Шымкент қаласының ескі атауы солай болған дейді. Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына сай жақсы бекініс болып салынған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфағани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігі қоршалған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Сайрам сыртындағы ор Хафиз Таныштың XVI ғасырдың аяқ шеніндегі оқиғаларды сипаттап жазған шығармасында да еске алынады. Кейінірек қаланы қазақтар қолға алған кезде ол Бұқара мен Самарқанға сол жерден жасалатын жорықтардың тірек қорғанына айналды.

Жібек жолының бойында сонымен қатар, Суяб, Баласағұн, Сауран, Түркістан сынды ірі қалалар да бар болатын. Шапқыншылық, соғыстар кезінде аталған шаһарлардың барлығы дерлік жер бетінен жоғалды. Ғалымдар осынау қалалар бүгінгі күнге дейін жеткенде Қазақстанның бүгінгі жай-күйі мүлдем басқа болар еді дегенді айтып жүр. Қазіргі таңда бұл тарихи орындардан тек қана кішкентай төбелер қалған.

 

А. Агмысова

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету (Сайрам тарихы, археология және этнография) бөлімінің меңгерушісі