«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ» МОНУМЕНТТІ ЕСКЕРТКІШІ
- Шымкент қаласы, Абай ауданы

Қазіргі Шымкент қаласының аумағында Ұлы Жібек жолы тақырыбымен үндесетін бірнеше құрылымдар бар. Бұл нысандар көне қаланың ежелгі заманнан сауда қатынастары мен шаруашылығының өркендеген өңір болғанын көрсетіп тұр. Бүгін соның бірін оқырманға таныстырсақ деп едік.
Қазақтың танымал жазушысы І.Есенберлин өзінің «Көшпенділер» роман-трилогиясында шаһардың дамуына негізінен екі маңызды фактор әсер ететіні туралы шығарма кейіпкері Әбілқайыр ханның аузына сөз салатыны бар. Оның пайымынша, ортағасырлардағы шаһардың дамуы үшін ең бірінші қаланың тамырын нәрлендіріп тұратын өзен мен су көзі болса, екінші маңызды нәрсе қала тіршілігін қыз-қыз қайнататын сауда жолы мен базарының маңызды рөлі болды дейді жазушы. Әрине, су көзі егіншілік пен қолөнершілікті кәсіп еткен қала тұрғындарының шаруасына басты әсері болса, өнімін саудалайтын нарық нүктелері мен сауда күретамырлары елеулі орын атқаратыны түсінікті. Бұл әсерлер қазір де маңыздылығын жоғалта қоймады-ау. Ал, Шымшаһарымыз ежелгі заманнан бұл қос фактордың, географиялық қолайлы тұсқа орналасуының, құнарлы топырақ пен қолайлы климаттың жемісін ертеден татып келеді.
Шымкент қаласы мен ежелгі сауда жолдары туралы сөз қозғағанда 2012 жылы Қайтпас обалар тобын қазу кезінде табылған алтын дискілерге назар аудармау мүмкін емес. Ғылымға «Шымкент дискілері» деп енген б.з.д. IV-II ғасырларда жасалған деп топшыланып отырған алтыннан жасалған әшекей бұйымдардың ерекшелігі – теңіз жануарлары бейнеленген ерекше стилі еді. Бұған дейін қазақ даласында сол кезеңге жататын заманға тиесілі «аң стилі» деген термин болса, шымкенттік дискілердің арқасында «теңіз стилі» деген жаңа ұғым қолданысқа енгізілген болатын. Ғалымдар өмірінде теңіз көрмеген көшпелілер теңіз жануарларын қалайша нақ бейнелеген деген сауалға бас қатырды. Ақырында, ежелгі сауда жолдары сол замандарда қалыптаса бастап, қазіргі Шымкент қаласының маңын мекен еткен тайпаларға сол сауда байланыстары арқылы жеткен болар деген болжалға тоқтайды. Бұл – Шымкент қаласының маңында сауда қатынастары сонау б.з.д. IV ғасырлардан бұрын-ақ қалыптасты деуімізге себеп болып отыр.
Қазіргі Шымкент қаласының аумағында ортағасырлық Ұлы Жібек жолын меңзеп тұратын бірнеше композициялар мен монументтік өнер құрылыстары барын айттық. Оның ішінде қала жұртшылығына ең танымалы – Бозарық айналма жолының ортасында тұрған түйелер композициясы. Бұл құрылымды тұрғындар «трансформер түйелер» деп атайтыны бар. Екінші композиция темір жол вокзалының алдындағы айналма жолдың ортасында тұрған биік сағатты алаңқай. Мұнда да басты екпін түйелердің мүсініне берілген. Ал, «Ұлы Жібек жолы» монументі деп аталатын негізгі монументтік ескерткіш Қайтпас шағынауданы маңындағы «Наурыз» алаңы мен Бәйдібек би ескерткішінің арасындағы аллеяда орналасқан. Бүгінгі таныстырар ескерткіш нысанымыз да осы монумент.
«Ұлы Жібек жолы» монументтік ескерткіші 2015 жылы Бәйдібек би даңғылы бойында, «Қазына» этно-тарихи кешені аумағынан ашылды. Ескерткіш ортағасырлық Қазақстанның тарихи-мәдени келбетін бейнелейтін көркем композиция болып саналады. Мұнда керуен жолдары бойымен сапар шеккен сауда керуені мен ортағасырлық қалалардың сыртқы көрінісі үйлесімді бейнеленген. Композицияның негізгі бөлігінде бағалы тауарлар тиелген түйелер, жүкші аттар мен арбалар көзге түседі. Оларды басқарушы керуеншілер, саудагерлер мен керуеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген күзетшілердің бейнесі сомдалған. Сауда керуені ұзындығы 50 метрді құрайды. Барлық мүсіндер түсті металдан жасалған.
Үлкен жолдың бойымен кіре тартып қасқадан шұбай түсіп келе жатқан керуеннің бейнесі демалыс аймағындағы серуеншілердің назарын өзіне бұрады. Бұл монументтің дәл осы маңға орнатылуының да өз себебі бар. Қазіргі қала аумағына кіретін өңірде орналасқан ортағасырлық Құрлық (X-XII ғғ. – XIII-XIV ғғ.) қаласына бірнеше күн аялдап, сусындап алған керуен қазіргі тұрған қасқа жолды шаңдата оңтүстік беттегі Шымкент шаһарына қарай аяңдай түсуі көрер көзді нандыра түседі. Иә, расында осы маңда ежелгі сауда жолының ескі сүрлеуі болған ғой.
Көне Шымкент қаласы туралы ең алғашқы жазба мәліметті XIV ғасырда Шараф ад-Дин Әли Йездидің Әмір-Темір жорықтары туралы жазған «Зафар наме» («Жеңіс туралы кітап») еңбегінен жолықтыратынымызды тарихшылар жиі айтады. Сол еңбекте қазіргі Шымшаһарымыз туралы «…Осы уақытта мәртебелі Сақыпқыранның (Әсір-Темірді айтып отыр. С.Д.) рұқсатынсыз Бахрам Жалайыр Жете әскерімен бірге Тәшкеннен бұрылып, Сайрамға қарай бет алды. Бахрам алып кеткен керуеннің ішінде мәртебелі Сақыпқыранның керуендерімен берге Қайқұсырау бектің де керуендері болды. Қуғын барын сезген олар қайта бұрылып, Сайрамға қарай жүрді де Чаманкентте (сол дәуірдегі Шымкенттің атауы. С.Д.) керуенді қуып жетті» деп дерек береді. Бұл дерек Әмір-Темір мен оған бағынышты бектердің арасындағы дүрдараздықты ғана емес, Шымкент шаһарының ортағасырларда керуендер ағылып тұратын, жиі аялдайтын сауда орталығы болғанын дәлелдеп тұр.
Осы Йездидің жеткізген бір ғана дерегінің өзі Шымкент қаласы мен оның басынан өткерген тарихының өне бойында Ұлы Жібек жолы және өзге де сауда жолдарымен қатар өріліп, сауда байланысы тым тереңнен тамыр тартатынын айғақтайды. Ендеше, біз сөз етіп отырған «Ұлы Жібек жолы» монументтік композияциясының айтар ойы, жеткізер идеясы, месседжі қала тарихымен астасып жатқанын айшықтап тұр. Бір ғана монументтік ескерткішті таныстырып, оның ерекшелігін сөз етеміз деп қаланың өткенін де тізбектей кеттік. Ескерткіштеріміздің бейнесін жай үстірт қарамай, оның мән-маңызын түсіне жүрсек деген ниет біздікі.
Әдебиеттер:
- Есенберлин І. Көшпенділер: Тарихи трилогия. Алматы: Көшпенділер баспасы, 2006.
- Йазди Шараф ал-Дин Али. ЗАФАР-НАМЕ. Перев. со староузб., предисловие, комментарии, указатели и карта А. Ахмедова. -Ташкент: издательство журнала «SAN’AT», 2008. – 486 c.
- Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Шымкент: «Хикари», 2024. – 408 б.
- Золотые диски с орнаментом обнаружили казахстанские археологи при раскопках в Шымкенте // https://www.inform.kz/ru/zolotye-diski-s-ornamentom-obnaruzhili-kazahstanskie-arheologi-pri-raskopkah-v-shymkente_a2499737
С.ДҮЙСЕБАЙ