Соғыс 1418 күнге созылды. «Ұлы Отан» соғысы 1941 жылдың 22 маусымында басталды. Ол 3 жыл 10 ай және 18 күнге немесе 1418 күнге созылды. «Ұлы Отан» соғысындағы ең ұзақ шайқас Ленинград шайқасы болды. Ол 1126 күнге созылды. Оның ішінде қала 871 күн қоршауда болды.
Келесі жылы еліміз бойынша «Ұлы Жеңістің» 80 жылдығы атап өтілмек. 1945 жылғы мамырдың 9-ында фашистік Германия тізе бүкті, Рейхстагта Жеңіс туы желбіреді. Жеңіс күні тарих қойнауына тереңдеген сайын халықтың сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлігінің, мұқалмас қажыр-қайратының, ынтымақ-бірлігінің тарихи мәні мен маңызы арта береді. Жау күшті еді, өшіге, өршелене шабуылдады. Тек жанқиярлықтың, рухани бірліктің,ұлтаралық достық пен өзара демеушіліктің арқасында ғана жеңіске жету мүмкін болды. Соғыс 25 миллионнан астам адамның өмірін қиды, ондаған миллион адам жарымжан, жетім болып қалды. «Ұлы Отан» соғысы жылдары қазақстандықтар өзге де халықтармен бірге, қолына қару алып,жерін,елін қорғауға аттанды.
«Ұлы Отан» соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін 96 648 қазақстандық жауынгер ордендермен, медальдармен марапатталды. Бұлардың ішінде 509 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алса, облысымыздан 51 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Ұлы Жеңіске сайрамдықтар да өзіндік үлесін қосты. Жерлестеріміз қанды шеңгел дұшпанмен ерлерше шайқасты. «Ұлы Отан» соғысы жылдары Сайрам аймағынан 20195 адам майданға аттанып, соның 8115-і еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін сұрапыл соғыста қаза тапты. Майданға қазіргі Шымкент қаласы аумағына қарайтын Сайрам тұрғын алабынан аттанған жауынгерлердің ішінен екі азамат Кеңес Одағының батыры атанды. Сайрамдықтар олардың қаhармандық ерлігі, рухы алдында бас иіп, тағзым етеді.
Жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры – Хұсанов Зиямат Усманұлы 1921 жылы Сайрам ауылында дүниеге келген. 1940 жылы қазан айында әскерге шақырылды. Смоленск түбінде болған кескілескен шайқаста жарақат алған. Емделіп, айыққан соң Курск доғасындағы ұрысқа қатысты. 78-ші дивизияның гвардиялық 228-ші атқыштар полкы Дальные пески деревнясы маңынан шепке орнықты. Шағын биіктікте пулеметімен берік орныққан Зиямат Хұсанов жау жағының шабуылына қатты тойтарыс берді. Немістер оны үш жағынан қоршауға ұмтылды. Патрондары таусылған кезде 2 гранатаны лақтырды. Немістер оның позициясына минометтен оқ жаудырды, жарықшақтардан жарақаттанған Зиямат қолындағы гранаталарымен жауға қарсы ұмтылды. Жарақат алған Зияматты Харков түбіндегі концлагерде жіберіледі. 1944 жылы партизандар жағына өтеді. Ол партизандармен Югославия, Болгария жерлерлерін де бүліктер ұйымдастырды. Оған Болгария жерінде жасаған ерлігі үшін «Болгарияның құрметті азаматы» атағы берілді. Зиямат Хұсанов соғыстан оралған соң Сайрам ауылында, Калинин атындағы орта мектепте мұғалім қызметін атқарды. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы ақпанның 22-сіндегі Жарлығымен Зиямат Хұсановқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Исфиджаб тұрғын алабы, Ибрагим ата №318 үй мекен-жайында орналасқан №110 мектеп Кеңес одағының батыры Зиямат Хұсанов есімімен аталады. Мектеп ауласында батырдың мүсіні орнатылған. Бюст Қордайдың қызыл гранитінен ойылған. Бюсттің биіктігі – 1,5 метр, тұғыры 1,8 метр. Сондай-ақ, Кеңес одағының батыры Зиямат Хұсанов есімімен аталатын Сайрам тұрғын алабында көше бар.
Сайрам тұрғын алабынан шыққан тағы бір Кеңес Одағының батыры – Ботабай Садықов. Ол Сайрам ауылында 1917 жылы дүниеге келген. 1941 жылы Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылды. 1- гвардиялық Қызыл тулы Глухов артиллериялық дивизиясының 167-ші гвардиялық артиллериялық полкында зеңбірек командирі болды. Ботабай Садықов өзінің іскерлігімен полкте үздік артиллерист даңқына бөленді. Ол 13 танкті өртеп жіберді, 5 артиллериялық, минометтік батареяны, 23 дзот пен блиндажды, жаудың 2 батальонынан астам жаяу әскерін жойып жіберді. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін кеудесіне «Қызыл Ту» орденін, І дәрежелі «Отан соғысы» орденін, «Ерлігі үшін» медалін қадады. Ботабаев Днепр өзенінен өту кезінде өзінің есімін мәңгілікке даңққа бөлеген ерлік көрсетті. Ол жаудың 8 пулемет ұясын, 3 зеңбірегін, миномет батареясын жойып жіберіп, күлін көкке ұшырды. Гвардия аға сержант Ботабай Садықов осы ұрыстағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. Ол соғыстан кейін Сайрам ауыл Кеңесінде жауапты қызметкер, Сайрам ауыл Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған.
«Ұлы Отан» соғысы кезіндегі әйелдердің ролі айрықша болды. Бүкіл соғыс кезеңінде майдан даласында қолына қару алып шайқасқа түскен әйелдердің саны 600 мыңнан 1 миллионға дейін жетті, оның 80 мыңы офицер болды. Майданға өз еркімен сұранған әйелдерден авиация полктері, атқыштар мен барлау бригадалары, моряк әйелдер роталары құрылды. Соғыс кезінде 87 әйелге Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Әйелдердің соғыс жылдарындағы ерлігі жайында біз терең ризашылық сезіммен айта аламыз. Біз майдангер аналарымыздың алдында бас иіп тағзым етеміз, құрметтейміз. «Ұлы Отан» соғысындағы Жеңіс шын мәнінде ерлік болды. Майданға нан да, ет те, басқа азық-түлік те, киім-кешек, қару –жарақ та керек болатын. Жеңіс үшін халық қолдан келгеннің барлығын жасады. Қарттар мен әйелдер, буыны қатпаған балалар қайыспай еңбек етті. Соғыстағы Жеңіс Отан үшін мерт болған ерлеріміздің қанымен, тылдағылардың маңдай терімен, қажыр-қайратымен, халықтың ынтымақ-бірлігімен келді.
Ардагерлер ісін өнеге тұтып, сол кісілердей қиындықтарға төзіп, ел құрметіне бөлену – жас ұрпақтың абзал парызы, азаматтық борышы деп білеміз.
Г. Шекербекова
Шымкент қаласының музейлер бірлестігі «Сайрам музейі» бөлімінің ғылыми қызметкері
Көрнекі фотосуретте Кеңес Одағының батыры З.Хұсановтың бюсті