ӘЗІРБАЙЖАНДА «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ КҮНДЕРІ» ӨТУДЕ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Биыл Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Айтулы датаға орай Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында «Welcome to Kazakhstan» атты туристік-мәдени күндері өтуде.  Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен және Қазақстан Елшілігінің қолдауымен  өтетін «Шымкент қаласының күндері»  бір  аптаға жоспарланып отыр.

Туристік мәдени күндердің ашылуында сөз алған Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров екі елдің  тарихи-мәдени өміріндегі ұқсастықтарды  сөз етіп,  өткен айда ұйымдастырылған Туристік ақапараттық орталықтардың І слетінде Әзірбайжан елі оң көзқарас  танытып, белсенді қатысқанын айтып өтті.

Шымкенттік делегация Әзірбайжан елінің төрінде жеті күн бойы Оңтүстік өңірдің қонақжайлылығын, гастрономиялық тағамдарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен танытуды көздеп отыр. Шымкент қаласы делегациясының құрамында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев, туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар бар. Олар Шымкенттің туристік, инвестициялық мүмкіндіктерін келушілерге кеңінен таныстыруда.

Жалпы, Әзірбайжан елінің азаматтары тарихи шаһардың тек туристік әлеуетін танып қана қоймай, «Сандық» ресторанының ұлттық тағамдарын, Майра Мұхамедқызының опералық әндерін және Бағжан Октябрьдің виолончельмен орындаған  сазды әуендерін тыңдап, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұсынған VR-көзілдірік арқылы виртуалды Шымкентке көз жүгірту мүмкіндігіне ие.  Жоспар бойынша қаланың ерекше тұстарын көрсету арқылы Әзірбайжан тұрғындарын Шымкент қаласының туризмін дамытуға шақырып, жалпы туристер легін арттыру жоспарланған.