ӘКІМ ЖҰМЫССЫЗДАРҒА АРНАЛҒАН «МҮМКІНДІКТЕР  АЛАҢЫНА» КЕЛДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Жұмыс іздегендер бүгін тағы да «Арбат» алаңына жиналды. Мақсат бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен екі қолға бір күрек тауып қайту. Жұмыс берушілер 5000-нан аса жұмыс орнын ұсынды.

Күні кеше басталған жәрмеңкеде 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысты.  Медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды.

Жәрмеңке басталғаны туралы кеше де арнайы материал бөлісіп едік. Бүгін Шымкент қаласының әкімі арнайы ат басын бұрып, жұмыс іздеген жұрт пен жұмыс беруші арасындағы әрекеттерді көзімен көріп, ақыл-кеңесін бөлісті.

– Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Бүгіндегі  жаһандану заманында кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан және де жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Бүгінгі қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс іздеп жүрген азаматтардың  санын  азайтып, жұмыссыздардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір мүмкіндік. Бұл қалабасы М. Әйтеновтың сөзі.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» бағдарламаларына қызығушылық танытқандар аз болмады. Келгендердің ешқайсыс құр кетпеді, жұмыс табылмағаны кеңес алып кетті. Жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және  өзге мәселелер бойынша кеңес  берілді.  Сонымен қатар, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері келіп, қала азаматтарына өз өңірлері жайында ақпарат ұсынды.

Жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 991 жас Жастар практикасы, 160 азамат алғашқы жұмыс орны жобасы бойынша уақытша жұмыс тапты. 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Сондай-ақ, 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.

OpenKZ- Ақпарат