ӘКІМ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ КЕЗІНДЕ ӨЗІН ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ ДЕП ТАНЫСТЫРЫП ҚАЛА ТҰРҒЫНЫН АЛДАҒАН АЛАЯҚТЫ ҚҰРЫҚТАУ ТУРАЛЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Күні бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қала тұрғындарымен көшпелі кездесуі басталды. Абай ауданына қарасты «Солтүстік-Батыс», Жиделі, Көкбұлақ және «Тәуелсіздікке 20 жыл» шағынаудандары мен тұрғын алаптарында өткен халықпен кездесуде шешімін күткен өзекті мәселелер қарастырылды. Оның ішінде тіпті алаяқтық әрекет фактілері де бар.

Қала тұрғындары негізінен автомобиль жолдарын кеңейту, асфальттеу, жол белгілерін орнату, кәріз желілерін жаңарту, жер телімдерін рәсімдеу, көшелерді жарықтандыру мәселелеріне қатысты өтініштерін жеткізіп жатты. Бұған қоса, жергілікті халық қосымша ойын және спорт алаңдарының, мәдениет үйі мен медициналық мекемелердің қажеттігін алға тартылып, бағыттардағы автобустар санын көбейту және маршруттарды реттеуге қатысты сұрақтарға назар аударылды. Белгілі бір уақытты қажет ететін ұсыныстар мен талап-тілектер қаланы дамыту жоспарлары аясында кезең-кезеңімен пысықталатын болады. Көшпелі кездесулер өзекті проблемаларды жүйелі және дәйекті түрде шешуге және қала тіршілігіндегі оң өзгерістерге мүмкіндік береді.

Мұндай көшпелі кездесудің бір артықшылығы, көтерілген мәселелердің көпшілігі сол жерде шұғыл шешімін тауып жатты. Сондай шешілу жолының табан астында қаралған мәселенің бір мысалы – қаржылық алаяқтардың құрбанына айналған азаматтардың да арыз-шағымы құқық қорғау органдарының басшыларына қолма-қол табысталғаны болды.

Осы қаржылық алаяқтық әрекетіне душар болған бір азаматша басынан өткен оқиғаны көпшілік алдында қала әкімінің назарына жеткізген болатын. Өзін Мөлдір Баубекқызы деп таныстырған қала тұрғыны былай дейді:

– Мен өзімнің жеке мәселем бойынша айтуға – келіп тұрмын. Өзім жас отбасымын. Көтеретін мәселем – үй мәселесі ғой. Сіздердің Қасымбек Еламан деген қызметкерлеріңіз қала әкімдігінде қызмет етеді. Тұрғылықтың мекеніне дейін айтып бере аламын, «Тұран» шағынауданы жағында тұрады. Сол азамат бізді алдап кетіп отыр.

– Сонда, әкімшіліктің қызметкері сізді алдап кетіп отыр ма? Қалай алдап кетіп отыр? – деп сөзге араласты қала әкімі Ғ.Сыздықбеков.

– Жас отбасы ретінде үй (баспана, пәтер) алып беремін деп алдап отыр. Міне, тиісті құжаттары бар, – деп қала тұрғыны қолындағы құжаттарын қала әкіміне ұсынды.

Тұрғынның құжаттарын аударыстырып қараған қала әкімі Ғ.Сыздықбеков баспана ордерін берген тұлға ретінде қала әкімінің орынбасары «К.Сәрсенбек» деген аты-жөн көрсетілгенін жұрттың көзінше оқып беріп, ондай орынбасары жоқ екенін, К.Сәрсенбек емес, соған ұқсас есім Сәрсен Құранбек деген орынбасары барын мәлімдеді. Бірақ, ол орынбасарының жауапты саласы басқа, баспана беруге қатысы жоғын, бұл бойынша тиісті сала мамандары айналысатынын айта өтті.

Бұл әрекеттің қаржылық алаяқтық әрекет екенін айтып, жалған құжатты кездесуге жиналған тұрғындардың көзінше Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысының қолына тапсырды. Осылайша, алаяқтық әрекетке душар болған зардап шегуші М.Баубекқызы деген азаматшаның арызын жаздырып алып, қылмыстық әрекетті анықтап, күдіктіні құрықтау жұмыстарын қалалық Полиция департаментіне тапсырды.

Қазіргі таңда аталған алаяқтық қылмыстық әрекет бойынша қалалық полиция департаментінің мамандары айналысып жатыр.