ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТАЛДАУ ЖАСАЛДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, құқық қорғау органдары мен басқармаларының басшылары мен аудан, қалалардың әкімдері қатысты.

Жиында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің Превенция басқармасының басшысы Нұрлан Құдайбергеновтың баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ осы мәселе бойынша  облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Сыртқы талдау қорытындылары бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына қаражаттың тиімсіз жұмсалу фактілері, атаулы әлеуметтік көмек бойынша негізсіз төлемдерді аудару, жеке көмекшілердің қызметтерін ұсыну кезінде, оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып отыр. Осыған байланысты  кемшіліктерді оларды жою жөнінде тиісті ұсынымдар енгізілген.

Жиында сөз алған облыс әкімі:

– Осы саладағы барлық кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Біз білім беру саласын мұқият зерттеп, қаржылық бұзушылықтарды анықтадық. Енді жауапты құқық қорғау органдарымен бірге әлеуметтік саланың барлық мекемелеріне тексеру жүргізілуде. Барлық салаларда қаржылық жағдайға мониторинг жүргізіледі. Мемлекет бюджетінің әрбір тиыны тиімді болуы және өз мақсаттары үшін, ел мүддесі үшін жұмсалуы тиіс. Заңсыздыққа жол берілмейді. Басқармалардың басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандырып, бақылауды күшейту қажет. Біз бұл мәселені үнемі қадағалап, тиісті жұмысты жалғастырамыз», – деді.