ӘР ҚОҒАМНЫҢ, ӘР ЗАМАННЫҢ ӨЗІНІҢ ТҮЙІТКІЛДІ БІР МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЛАДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр» деген сөз бар. Қазіргі таңда қоғамда қайырымдылыққа мұқтаж қаншама отбасы, оның ішінде қаншама ана, қаншама бала бар. Сол мұқтаж жандардың маңдайынан сипап, қашанда көмек қолын созуға даяр тұратын қоғамдық ұйымдардың бірі – «Қызыл ай» қоғамы. Айта кетейік, бұл жеке дара құрылған қайырымдылық қор емес, аталған ұйым – әлемдегі ең ірі гуманитарлық қауымдастық болып саналатын халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Ай қозғалысының бір бөлігі. Оның тарихы сонау отызыншы жылдардан бастау алады, қазіргі таңда 85 жылдан астам тарихы бар. Негізгі мақсаты қиналғанға, қысылғанға қол ұшын созу.

  Тарихы терең қоғамдық ұйымның басқа да бағыттары туралы таратып айтып беруді «Қызыл ай» қоғамының Түркістан облыстық филиалының басшысы Малика Жүсіповадан сұраған едік.

– Біз негізінен қарапайым халықпен жұмыс істейміз. Оның ішінде жесір аналар мен жартылай жетім балалар басты назарда. Әр қоғамның, әр заманның өзінің  түйіткілді бір мәселелері болады. Өкінішке орай, бүгінде жол апаты бар, басқа бар жастай көз жұмып жатқан әкелер өте көп. Жесір қалған жас аналарымыз мемлекеттің жәрдемақысына ғана телміріп, біреуге алақан жаймасын деген оймен қоғамның осы осал тобын қамқорлығымызға алғанбыз. Қазір облыс бойынша тағдыры балалық шағын осындай топқа теліген 600-ден астам бала бар. Біз солардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Әр жаңа оқу жылының қарсаңында балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар беруді дәстүрге айналдырғанбыз. Жыл сайын «Wаikiki» дүкенінен киім-кешек алуға 25-50 мың теңге көлемінде сертификат сыйлап тұрамыз. Әр Құрбан айтта ет, Ораза кезінде азық-түлік таратамыз. Осылайша мүмкіндігінше тұрмысы төмен отбасылардың жоқ-жітігін түгендеп жүрміз. Жұмысымыздың бір бағыты осы.

Екінші бағытымыз – өңірлерге апатты жағдайлар кезінде көмек беру. Табиғи апаттар кезінде қиналған халыққа не қажет, не нәрсеге зәру, соның барлығын анықтап, уақытында жеткізуді міндетімізге аламыз. Оған қоса арнайы карта аштырып, әр адам басына 100 000 теңгеден бөлеміз. Мысалы, бала санымен қосқанда үйде 5 адам болса 500 000 теңге, 7 адам болса 700 000 теңге есептеледі. Одан бөлек киім-кешек, аяқ киім, төсек-орын, балаға жөргектер, тағы да басқа қажетті заттар беріледі. Осы бағытты біздің мықты бағдарламаларымыздың бірі деп айтуға болады. Бұл жоба тек Түркістан облысы бойынша ғана емес, Қазақстан бойынша жүзеге асады. Осыған дейін төтенше жағдай орын алған Мақтаарал, Арыс, Сарыағаш секілді оңтүстік өңірлерден бөлек, Қостанай, Орал, Қарағанды қалаларына да көмек қолын создық.

Осы тұста айта кететін тағы бір дүние, бізде төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ететін арнайы топ жасақталған. 11-15 адамнан тұратын топты Ақылбек Сұлтанұлы деген азамат басқарады. Бұл топқа жылына 2-3 рет төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігі үйретіліп, жаттығулардан өткізіліп тұрады. Апатты жағдайлар орын алған кезде адамдармен қалай жұмыс істеу керек, қандай алгоритм болу керек, барлығы айтылады, көрсетіледі.

Мемлекеттен көмек алмайтын отбасыларға көмектесеміз

Үшінші бағытымыз – әлеуметтік осал топтармен жұмыс. Бұл жерде біз мемлекеттен көмек алмайтын отбасыларды қарастырамыз. Өңірде 7-8 баласы бар, бірақ атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алмайтын, жалдамалы пәтерде тұратын отбасылар әлі де бар. Біздің оларға көмегіміз – үй кезегіне тұрды ма, тұрғылықты жері бойынша тіркелген бе, мемлекеттен неге көмек алмайды, соны анықтаймыз және ол отбасыны қамқорлығымызға аламыз. Бірінші кезекте бала-шағасының киім-кешегін де түгендеп ары қарай жұмыстанамыз.

Осылай деген Малика Жүсіпова «Қызыл айдың» жұмысы жарнамаланбайтынын, көп игі шаралар жарияланбайтынын және мұның саналы түрде жасалатынын айтты.

– Біз өз жұмысымызды мейлінше жарияламауға тырысамыз, өйткені балаларды ұялтқымыз келмейді. Мысалы, көп отбасыға киім-кешек апарып береміз. «Міне, «Қызыл ай» қоғамы киіндіріп жатыр, көрдіңдер ме?» деу біз үшін керек емес. Мұндай қайырымдылық шаралары біз үшін ешқандай да мақтаныш емес. Бұл – міндетіміз. Біз үшін баланың көңілі маңызды. Берілген киімді бала қысылып-қымтырылып емес, қуанышпен кие алуы керек. Біздің ойлағанымыз осы, дейді ол.

2017 жылы аймақтық «Қызыл ай» қоғамының жанынан Шымкент қаласында «Көмек» дағдарыс орталығы ашылған-ды. Бұл орталыққа зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер орналастырылды. Орталық бүгінде жұмыс істеп тұр. Қызметкерлер келген әйелдің өзін, балаларын медициналық тексерістен өткізіп, психологиялық, құқықтық көмектер көрсетеді. Ары қарай мемлекеттен грант алып, олардың шағын кәсібін ашып, аяққа тұрып  кетуіне сеп болады.

– Бізге келген әйелдер міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді.  Бір байқағанымыз араларында түрлі-түрлі ауруы бар, бірақ өмірі дәрігерге қаралмаған аналар кездесіп жатады. Олар «Неге қаралмадың?» деген сұрағымызға, «Мен тапқан ақшамды балаларымның тамағына жұмсадым, өзіме ақша қимадым» деп жауап берді. Көп жағдайда отбасыдағы зорлық-зомбылық осы ақшаның жоқтығынан орын алады.

Орталыққа келген әр әйелдің тағдыры әртүрлі өрбиді. Біреулер күйеуіне қайта қосылып кетеді. Қосылмайтындары да бар. Қазір біз тек әйелдермен ғана емес, оларды ұрып-соққан күйеулерімен де жұмыс істейтін болдық. Не себепті отбасыда жанжал орын алды, неге ажырасып жүр, соның барлығын анықтауға тырысамыз. Содан соң мүмкін болса күйеулерін де жұмысқа тұрғызып, мейлінше қатарға қосып жіберуді жөн көреміз. Өйткені біреудің баласы біреуге бала болмайды. Отбасы бақытты болу үшін отбасылық құндылық, отбасылық дәстүр болу керек. Ал бізде бұл құндылықтар өкінішке орай құнсызданып кеткен. Сол себепті де жанұялармен тығыз жұмыс істеп, бәрін түсіндіруге тура келеді.

«500-1000 теңгесін төлейін, баламды бағып беретін адам бар ма?»

Кей келіншектердің күйеулері ата-анасына да, туған-туысына да керек емес, ұрлық жасайтын, ішімдікке салынған біреу болып шығады, енді біреулері есірткі шегеді. Соның кесірінен балалардың жәрдемақысын тартып алып, әйелін қарызға кіргізген жағдайлар да бар. Арасында ауыр қылмыс жасағандары да кездеседі. Мұндай жандармен жұмыс істеп, оларға уақыт жұмсамаймыз, себебі адам болулары екіталай. Мұндай жағдайда біз әйелге көбірек қолдау білдіреміз. Алдымен қандай көмек беру керектігін анықтаймыз, соған қарай маманның кеңесіне жүгінеміз, керек болған жағдайда жанына қосып береміз, осылай жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.

Бір қызығы, бұл орталыққа зорлық-зомбылықтың құрбаны болмаған, бірақ өмірін өзгерткісі келетін әйелдер де келуге құмбыл екен. «Осындай орталық ашылған екен, 6 ай болса да сол жерге жатып, демалып келейін» дейтіндер де табылады екен. Тіпті кейбір аналар өз балаларына өздері қарағылары келмей, «500-1000 теңгесін төлейін, баламды бағып беретін адам бар ма?» деп келеді екен. Малика Жүсіпова оларға да жоқ демейміз дейді.

– Біз келген әйелді үш күн бақылаймыз. Оның мінез-құлқын, балаға деген қарым-қатынасын байқаймыз. Баламды қарап бер деп кетген келіншектерден «Сен өзің не істейсің, өзің неге қарамайсың?» деп сұраймыз. Барлығы дерлік: «Менің миым шаршап кеткен, бала жыласа одан сайын шаршаймын», – дейді. Сондай кезде ойда қаламын. Ол аналар өз балаларынан өздері қашатын болса, болашақта оларға не тәрбие береді деп. Тәрбие бермеудің өзі қылмыс емес пе? Неше түрлі мінезді аналарды көріп жүрміз.

Телефон шұқылап немесе телефонмен сөйлесіп отырғанда баласы бірдеңе сұрай қалса, салып жіберетін немесе итеріп жіберетін аналарды да көрдік. Оларға «Баланы неге итересің? Телефоның балаңнан артық болып тұр ма? Алдымен балаға көңіл бөл, оның не сұрап тұрғанын тыңда, балаң тыныштылған соң ғана  телефонмен сөйлесе бер» десек ренжиді. Ал, енді осыдан кейін әйелді  түсініп көріңіз. Олар емес, біз ізденуге кірісеміз.

Қоғамда неліктен бұлай болып жатыр деген сауал төңірегінде біраз зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргіздік, аналармен психологтар жұмыс істеді. Ондай келіншектердің көбісі кезінде өз отбасынан дұрыс тәрбие алмаған болып шығады.

Бізге келіп жатқан қазіргі жастар өте ашушаң

Қалыпты отбасында әр ата-ана ес білген ұл-қызына отбасы туралы, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас қалай болу керектігі жөнінде үнемі айтып отыруы тиіс. Өкінішке орай, қазір отбасыларда бұл туралы айтылмайды. Айтылса да өте аз айтылады, өйткені уақыт жоқ. Жұмыс, одан қалса той-томалақ. Телефон, сол телефондағы адамдардың өмір сүретін адамдар қалыптасты бүгінде. Өздерінің өмірі жоқ. Осындай жағдайдан кейні бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін, бөлгісі келмейтін аналар пайда болады. Ондай аналарға баланы ұрып жіберу, салып жіберу оңай, олар баланы  құшақтау, әңгімелесу, ойнау, көңіл бөлу дегенді жасағылары келмейді.

Тағы бір байқағанымыз, бізге келіп жатқан қазіргі жастар өте ашушаң. Ата-ене, күйеу былай тұрсын, өз ата-анасын да тыңдамайтын жас келіншектер бар. Балаларын ұра беріп, өзінің де, баланың да жүйкесін тоздырып бітірген, өзіне не керегін де білмейді. Кейде олардікі жай ғана еркелік секілді көрінеді. Өйткені ауылды жерлерде зорлық-зомбылықтың көкесін көріп жүрген біз білмейтін қаншама жандар бар. Олардың өз өмірі туралы біреуге айтуға дәті бармайды, ұят деп іштей күйіп өмір сүре береді.

Біздің алдымызда түрлі тағдырлардың куәсі отырды. Кей әңгімесінен денеміз түршікті, кей әңгімесі ойға жетеледі, кей әңгімесі үміттендірді. Ол өте көп әңгіме айтты. Бірақ бірде бір адамның аты-жөнін атамады.  Өйткені, солай болу керек.т Мұны жұмысы талап етеді. Егер жұмысыңды жан-тәніңмен атқарсаң, ол міндетті түрде мінезге әсер ететінін бұрын оқысақ, естісек, бұл жолы көзбен көрдік.

Аналар, отбасы туралы әңгіме жәймен жасөспірімдер тақырыбына ойысты. Өз өзіне қол жұмсауға оқталған 13-14 жасар жасөспірімдер де бар екен орталықта. Олардың мұндай қадамға не себепті барғанын филиал басшысы былай деп түсіндіреді:

– Біз ауылдарды көп аралаймыз. Сонда пиязды қуырып жеп, қара нан мен қара су ішіп отырған қаншама отбасыларды көреміз. Солардың ішінде «Киімім жоқ, сыныптың ең соңы болғым келмейді» деп жылаған 13-14 жасар қыз балаларын да кездестірдік. Өз өздеріне қол салуға тырысқан жасөспірімдер де солардың арасынан шығып жатыр. Мен солардың бірнешеуімен сөйлестім, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін басты себеп – киімінің жоқтығы. Қыздарға сұраған киімдерін апарып бергенімізде көзімізше киіп  қуанғандарын көрсеңіз…. Шат-шадыман көңіл күй бізге де қуаныш сыйлады, біз де қуандық. «Ойпырмай, осы бір жапырақ киім үшін өлуге оқталды ма? Сол кезде өліп кетсе не болар еді?» деген ой санамызды кескілей берді. 2-3 айдан кейін жағдайын сұрадым, естігенім мынау болды: «Бәрі жақсы, сіз берген киімдерді киіп жүрмін, сол кезде мен өз өзіме қол жұмсағанымда осы киімдерді кім киер еді?»

500 теңгелік купонның өзін «Алыңыздаршы» деп жалынып жүреміз

Ауылдарда Түркістанды өмірі көрмеген балалар бар. Кейде балаларды автобусқа отырғызып, қаланы көрсетеміз, аралатамыз. Балалардың қуаныштарында шек болмайды.

Сіз де мақаланы оқып отырып, «Қызыл ай» қоғамына қаржыны кім береді деген сауал туындаған шығар. Орынды.

«Қызыл ай» қоғамы Біріккен Араб Әмірліктерімен біріккен жоба болып саналады, негізгі демеушілері де – солар. Бас кеңсесі Алматыда орналасқан.  Онда БАӘ өкілдері отырады. Араб халқы тапқан табыстарының 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсайды. Сол сумманың белгілі бір бөлігі  Қазақстанға, Алматы қаласына жіберіледі екен. Олар бұл ақшаның балаларға жұмсалатынын біледі. Ары қарай ақша балалардың картасына келіп түседі.

Сондай-ақ бағасы небәрі 500 теңге тұратын қайырымдылық купондары ауыл-ауылға, медициналық қызметкерлерге, мектеп қызметкерлеріне таратылады. Одан жиналған ақша да қайырымдылыққа жұмсалады. «Сол 500 теңгелік купонның өзін «Алыңыздаршы» деп жалынып жүреміз. Адамдар «Мен одан не пайда көремін?» деп сұрайды. «Сіз бір жанұяның жыртығын жамауға көмектесесіз, бәрібір садақа бересіз ғой», – деймін. Мектеп басшыларына да осы өтінішпен барсақ, өкінішке орай, бас тартып жататындары болады», – дейді Малика Жүсіпова.

Қазіргі таңда «Қызыл ай» Түркістан облыстық филиалының құрамында жалпы 72 ерікті, оның ішінде 48 белсенді ерікті бар. Бұл еріктілер арнайы таңдалады және «Қызыл ай» қоғамының мамандары тарапынан оқудан өтеді.

– Біздің тағы бір бағдарламамыз – жедел жәрдем келгенге дейінгі алғашқы көмек көрсету. Статистика бойынша адамдардың 45 пайызы жедел жәрдем жеткенше қайтыс болып кетіп жатады екен. Біз ауыл-ауылдарда аралап, зейнеткерлікке шыққан бұрынғы медицина қызметкерлерін, медициналық білімі бола тұра күйеулері жұмысқа рұқсат бермей отырған әйелдерді алғашқы көмек беруге үйретіп, дәрі-дәрмек салынған қобдишаны қоса беріп кетеміз. Олардың арасында жедел жәрдем жеткенше әйелдерді босандырып алғандары бар. Біз ондай жандарды марапаттап тұрамыз. Соны көріп «Мені де оқытыңыздаршы» дейтіндер табылады. Бас тартпаймыз, оқытамыз.

Жаңа жоба: зәбір көрген 5 келіншекті  аяққа тұрғызу

Төтенше жағдай бойынша да дәл осылай үйретеміз. Мысалы, бір аудандарға 200 000 теңгеге жарық өшіп қалғанда қолданылатын генератор, күрек, арба, балта, шәйнек т.б, жалпы төтенше жағдай кезінде қажетті құрал-саймандарын алып беріп, апат жағдайында қалай әрекет жасау керек екенін үйретіп кеттік. Бұл адамдардың барлығы біздің қатарға ерікті болып кіреді.

Жалпы, мұндай жандар әр отбасыда болуы тиіс, – дейді Малика Жүсіпова.

Айта кетейік, осы істің басы-қасында 20 жылдан астам уақыт жүрген Малика Жүсіпова – «Ұлт мақтанышы», «Батыр шапағаты», «Әлемнің мейірімді адамы», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Құрметті азаматы», т.б. медальдарының иегері. Ал 2022 жылы «Жылдың үздік қамқоршысы» атанған.

«Қызыл ай» қоғамының болашақтағы жоспары да орасан. Соның бірі – алдағы уақытта зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, осы орталықтың көмегімен аяққа тұрған әйелдерді зәбір көрген басқа да бес қыз-келіншекті аяққа тұрғыза алатындай дәрежеге жеткізу. Қазір соның алгоритмі жасалуда. Сондай-ақ жастар арасындағы ерте жүктілік пен суицид мәселесінің алдын алу бойынша да көптеген жұмыстар жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда «Қызыл ай» қоғамына ауыл-ауылдардан, жер-жерлерден көмек сұрап, хабарласып жататындар аз емес. Аталған ұйым солардың ешбірін назардан тыс қалдырмай, мейлінше ел қатарлы өмір сүріп кетуіне мүмкіндік беріп отыр.

М.Ибраева