ӘСКЕРДЕГІ ЖАСТАРДЫҢ СУИЦИД ӘРЕКЕТІН АЛДЫН АЛАТЫН ЖҮЙЕ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
ӘСКЕРДЕГІ ЖАСТАРДЫҢ СУИЦИД ӘРЕКЕТІН АЛДЫН АЛАТЫН ЖҮЙЕ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жыл сайын Қазақстан Республикасының әскеріндегі сарбаздар мен курсанттар арасында суицидке ұшырап жататын жағдаяттар туралы ақпарат құралдарынан жиі байқайтын болып жүрміз. Соның бірі, алысқа бармай-ақ, Шымкент қаласынан әскерге аттанған 19 жасар Дінмұхамед Шынарбек деген азаматтың өз-өзіне қол жұмсауы көпті алаңдатқаны есте шығар.
Биылдан бастап Қазақстан армиясында PSY-тәуекел жүйесі енгізіліп жатыр. Бұдан былай психоэмоционалды ауытқулары байқалған жастар қатары әскерге шақырылмайтын болады, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі. Бұл жайында «Kazinform» агенттігі ақпарат таратқан.
Үстіміздегі жылдан былай қарай Қазақстанда әскерге шақырылушыларды іріктеудің жаңа әдістемесі – PSY-суицидтік мінез-құлыққа бейімділікті ерте анықтауға бағытталған тәуекелді анықтау жүйесін ауқымды түрде енгізу басталады. Бұл жүйенің басты мақсаты инновация жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын арттыруға және әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға арналып отыр.
Бұл аталған жүйені, яғни PSY-тәуекел әдістемесін Қорғаныс министрлігінің әскери психологтері әзірлеген. Жаңа жоба 2025 жылғы көктемгі шақыру кезінде сәтті сынақтан өткен. Соның нәтижесінде суицидке бейімділік белгілері бар 470-тен астам жас анықталып, олардың бәрі қызметтен босатылды немесе қосымша тексеруге жіберілген.
Іске қосылып отырған жаңа жүйе бастапқы скринингті, терең психологиялық тексеруді және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптаманы қамтитын психодиагностиканың көп сатылы механизм саналады. Мақсат – психоэмоционалдық тұрақтылығы әлсіз, яғни әскери қызметке психологиялық тұрғыдан дайын емес адамдарды әскер қатарына алмай тұрып, алдын ала анықтау, сол арқылы әскер құрамындағы жастарымыздың суицид әрекеттерінің алдын алу болып табылады.
Аталған PSY-тәуекелді енгізу мәселелері ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының негізгі тақырыбына айналды. Оның құрамына Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың мамандары кірді.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышевтің айтуынша, бастама Үкіметтің тапсырмасы бойынша іске асырылып жатыр және әскерге шақыру науқаны шеңберінде жүйелі профилактиканың бір бөлігі болады.
– Біз психологиялық тұрақсыздарды електен өткізіп қана қоймай, болашақ әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіпті жағдайлардан қорғауға тырысамыз. Бұл бөлімшелердегі денсаулық, өмір және моральдық ахуал қатысты, – деді подполковник Арман Қалышев.
Еліміздің барлық өңірінде PSY-тәуекелді кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды. Инновация іріктеу тиімділігін арттырады, армиядағы штаттан тыс жағдайлардың санын азайтып, жас әскери қызметшілердің психикалық денсаулығын нығайтудағы маңызды қадам болады деп күтіліп отыр.
Осы тұста айта кетейік, дүниежүзі елдерінің арасында Қазақстан суицид саны бойынша, өкінішке қарай, жетекші орындардың қатарында аталады. Өзіне-өзі қол жұмсайтындардың көбі – 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер болып отыр. Бір өкініштісі, бұл санның ішінде Шымкент қаласынан әскерге аттанған сарбаздардың аталып қалуы көңілге кірбің салып отырғаны рас.