Әскердегі суицид: КӨКТЕМДЕ ӘСКЕРГЕ АТТАНҒАН САРБАЗ КҮЗДЕ ШЫМКЕНТКЕ ТАБЫТПЕН ОРАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкентте Жамбыл облысында әскери қызметін өтеп жүргенде қайтыс болған 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбекті туыстары соңғы сапарға шығарып салды. Сарбаздың өлімі ресми түрде суицид деп танылды. Алайда, оның отбасы қазалы оқиғаның бұл нұсқасына сенбей, толық тергеуді талап етіп отыр.

Көктемде ғана Дінмұхамед отбасымен қоштасып, әскерге аттанған болатын. Оны шығарып салған сәтте денсаулығы мықты болатын, күлімсіреп, еліне қызмет етуге дайын екенін жеткізген екен. Бірақ, араға бес ай салып жас жігіт үйіне табытпен оралды. Оның денесі бір күннен кейін жер қойнына тапсырылып отыр.

Сарбаз өлімінің алдын-ала себебі ретінде асфиксия деп көрсетілген, бірақ туыстары суицид жасады деген нұсқаны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Сондықтан, марқұмның отбасы тергеуді талап етеді.

Сарбаздың анасы Бибинұр Қалтаева ерекше қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатыр. Ол ұлының өлімін суицид деп атамауын сұрайды және трагедияның шынайы мән-жайын анықтауды талап етеді.

«Менің балаларым – егіз болатын. Оның біреуін күштеп алып кетті, алты айдан кейін Димаштың өзі сыңарымен бірге қызмет еткісі келді. Мен оны бір жылға еліне қызмет етеді деп жібердім, ал бес айдан кейін ол маған өлі күйінде қайтарылды. Неге елін қорғауға баратын ұлдарымыз өліп жатыр?» – деп аңтарыла сұрайды анасы.

Дінмұхамедтің әпкесі Тоғжан Ботабекқызының айтуынша, өзі бейнебақылау жазбаларын жеке өзі қарап шыққан. Трагедия болған күні жас жігіт шамамен үш сағат ұйықтаған, ал түстен кейінгі сағат екіден кейін ол бейнежазбада көрінбей қалған. Кейінірек оның дәл сол уақыт аралығында орындық пен екі белдік алып, асылып тұрғаны туралы хабарланды. Оның отбасы бұл теорияны шындыққа жанаспайды деп санайды.

«Мен жеке өзім сараптамаға қатыстым. Денеде суицид белгілері де, ұрып-соғу белгілері де болған жоқ. Ол бір қиындықты көргендей сезіледі, және оның өлімі арнайы ұйымдастырылған болуы мүмкін. Бізге оның өзін-өзі асылып, тіпті қолын белдікпен байлағаны айтылды. Бірақ өз өміріне қол жұмсауға дайындалып жатқан қандай адам өз қолын байлайды?» дейді Тоғжан Ботабекқызы.

Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізіледі деп үміттенеді. Олардың айтуынша, сараптама нәтижелері енді 20 күннен кейін белгілі болады. Олар Президенттің назары Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғаларға түсіп, мемлекет басшысының өзі араласады деп үміттенеді.

Айта кетсек, қазіргі таңда сарбаз Д.Шынарбектің Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс министрлігі барлық мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.