ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА 123 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент републикадағы дербес қала мәртебесіне ие болғалы бері инвестиция салуға қолайлы аймақтың біріне айналды.   Еліміз Тәуелсіздік алған  отыз жылдың ішінде алып шаһарға триллион теңгеден астам инвстиция тартылған болса, ал соңғы үш жылдағы қалаға келген инвестиция көлемі  1 триллион 55 миллиард 100 миллион теңге болған. Ал,биылғы 5 айдың ішінде  қала экономикасына 96,9 миллиард тенге инвестиция тартылған. Осы салыстырулардың өзі қаланың экономикалық әлеуетінің қаншалықты артқанын аңғартса керек.  

Қала аумағында соңғы үш жылдың ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен  құны 1,8 миллиард доллар болатын тоғыз инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы  жұмыстар әлі де жалғасуда.
«Shymkent City» жобасы бойынша 2026 жылға дейін қала қазынасына 432 миллиард теңгенің инвестиция қаржысы құйылмақ. Нәтижесінде аумағы 1,6 миллион шаршы метр болатын 27 мың 500 пәтер салынады. 300 көпқабатты тұрғын үй бой түзейді.  Осылайша аймақ экономикасы мен халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілмек.

Шымкент қаласында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 5-6 пайызға қамтамасыз ету көзделуде. Осылайша, жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 3,7 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Мұндай межеге жету үшін қаланың өнеркәсіп саласында 2021-2025 жылдары жалпы құны  1,36 триллион теңге болатын 123 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұдан бөлек, жылыжай, интенсивті бау, мал бордақылау, мал және құс етін өңдеу бойынша 42 инвестициялық жоба қолға алынбақ.

Сондай-ақ, ауданы 306 гектарды құрайтын 3 индустриалды аймақ ашу жоспарланған. Нәтижесінде, қалада 80 мың тұрақты жаңа жұмыс орыны ашылып, алдағы 5 жылдың ішінде жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендейтін болады. Бұл шаһар тұрғындарының табысын арттырып, қаланың ары қарайғы өркендеуіне мол мүмкіндік береді.