ӨҢІРЛІК ТАБИҒИ ПАРКТІҢ БАҒАЛЫ ӨСІМДІКТЕРІН ҚОРҒАЙЫҚ

  • Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы
blog-single-image

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік табиғи паркінің аумағы Сырдария өзенінің атырауы мен Қаратаудың Боралдай жоталарында орналасқан. Осы аймақтарды бірегей биологиялық алуан түрлілігін қорғап, сақтау, молайту үшін құрылған бұл табиғи парктің құрамындағы «Боралдай филиалы» өңірі өсімдіктер дүниесіне өте бай.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, өңірлік парктің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызылатындықтан, мұнда өсімдіктер дүниесін сақтауға ерекше назар аударылды. Соңғы жүргізілген зерттеулер бойынша 85 тұқымдасқа жататын  өсімдіктердің 706-ге жуық түрі кездеседі. Мұның ішінде Зеравшан аршасы, кәдімгі пісте, кавказ таудағаны, парсы шетені, сиверс алмасы, парсы шағаны, шренка тобылғытүсі, жабайы жүзім, Түркістан жерсабыны, Кауфман, Грейг қызғалдақтары, леман күшаласы, Корольков шаяноты, Қаратау селеуі, Алатау запыраны  сияқты және басқа да барлығы 42 түрлі жойылып және сиреп бара жатқан өсімдіктер ретінде Республикалық Қызыл кітабына енгізілген.

Боралдай өңірінде пайдалы қасиеті бар өсімдіктер көп кездеседі. Оның ішінде қылша, раушан, шаяноты, көкемарал, Регель күшаласы, аққурай, қаражеміс,  қызылмия өсімдіктері дәстүрлі халық медицинасында дәрілік шикізат ретінде кеңінен қолданылса, кәдімгі пісте, жабайы жүзім, Сиверс  алмасы, сары долана, ақ тұт сияқты өсімдіктердің жемістері тағамдық мақсатта пайдалану үшін болашағы үлкен. Ал, Түркістан жерсабыны, Максимов рауғашы сияқты техникалық өсімдіктердің қорлары кеңінен таралған. Дәрілік өсімдіктерді  және техникалық шикізатты  дайындау ЕҚТА Заңы бойынша өңірлік парктің аумағында тиым салынған. Сондықтан, азаматтар тарапынан дәрілік өсімдіктерді дайындау жөнінде өңірлік парктің аумағында заңсыз әрекеттер жасалса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 370 бабының 4 бөлігімен жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл  салынады және табиғатқа келтірілген матиериалдық залал мемлекеттің пайдалануына өндіріліп алынады.

Ал, Азия және дала жалбызы, эфиоп және мұқмат шалфейі тағам, парфюмера және техникалық өнеркәсіп үшін эфир және майлы майлардың көзі болып табылады. Өңірлік табиғи парктің аумағында бай және алуан түрлі өсімдіктер дүниесінде көптеген пайдалы қасиеттері бар өсімдіктер, олардың шаруашылыққа пайдалы жаңа сорттарды алу үшін бағалы генетикалық ресурстар болып табылады.  Арнайы бекітілген ережеге сәйкес өңірлің парк аумағында өсімдіктер дүниесінің сақталуы үшін көптеген іс-әрекеттерге тыйым салынған: Рұқсатсыз ағаштар мен бұталарды кесу, сындыру, гүлді және дәрілік өсімдіктерді жинау, жеміс және тұқым жинау, ағаштарға жазу, ескерілген шектен тыс алау өрбіту. Әсіресе, өсімдіктерге тілсіз жау өрттің тигізетін зияны үлкен. Сондықтан, табиғат аясында демалатын әрбір азамат өңірлік парк аумағында болғанда ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға тиіс. От жағу арнайы белгіленген және айналасы қоқыстан тазаланған, ағаштардың үшбастарының астынан тыс ашық орындарда ғана рұқсат етіледі. Заңсыз әрекеттермен өңірлік парк аумағында өсімдіктер дүниесіне залал келтірілген азаматтар және заңды тұлғалар Республиканың табиғат қорғау заңнамалары мен қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктерге тартылып, қатаң жазаланады. Келешек ұрпақтың игілігі үшін жасыл табиғатымыздың байлығы – өсімдіктердің алуан түрлілігін сақтауға баршамыз атсалысайық.

 

Нұрила ТӨРЕ

«Сырдария-Түркістан» МӨТП КММ-нің Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері