ӨЗІН «ҚАЗТРАНСГАЗ» АҚ МЕКЕМЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ РЕТІНДЕ ТАНЫСТЫРҒАН АЛАЯҚТАР БІР АЗАМАТТАН 200 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖЫМҚЫРҒАН
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Әр аптаның сәрсенбісіндегі БАҚ алдында брифинг беру дәстүріне сай, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары С.А.Құранбек баспасөз жиынын өткізді. «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» тақырыбында сөз қозғаған спикер өткен апта ішінде құқық қорғау органдарының атқарған жұмыстары мен қылмыстық істердің тіркелуі жайында да сөз етті.
Сәрсен Абайұлының сөзінше, өткен аптада Шымкент қаласында тергеу органдарының өндірісінде жалпы 169 қылмыстық іс тіркеліп, оның екеуі сотқа жолданды. Ең көп тіркелген қылмыстар: алаяқтық – 61 іс, ұрлық – 41 іс, есірткі заттарын заңсыз айналымға байланысты – 12 іс және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер – 10 болған.
Мұның ішінде алаяқтықтың басым көпшілігі интернет-алаяқтыққа қатысты болып, оның негізгі тәсілдері – тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу, инвестиция жасау арқылы ақшаны көбейту туралы жалған жарнамалар, банк қызметкері, байланыс операторлары немесе мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар, несие рәсімдеу және электр желісі немесе газ қызметінің қызметкері ретінде жалған таныстырудан тұрады. Мысалы, К. есімді азаматқа «ҚазТрансГаз» АҚ мекемесінің қызметкері ретінде хабарласқан белгісіз тұлға 200 мың теңге қаражатын аудартып алған, бұл факт бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Сонымен қатар, интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы есірткі заттарын тарату фактілері де тіркеліп, жастардың заңсыз әрекеттерге тартылуына жол берілмеуі үшін ескерту жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ж. есімді азамат банк картасын танысына уақытша берген. Алайда, белгісіз адам оны есірткі саудасына пайдаланып, адамдардан ақша аударған. Тұрғындарға банк карталарын ешкімге бермеу, белгісіз адамдардан ақша алмау, қажет болған жағдайда 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.
– Қала аумағында жол-көлік оқиғалары күн сайын орын алып, жәбірленушілер саны артып отыр. Оның негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы мен ұялы телефонға алаңдауы, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокаттарды жол ережесін сақтамай басқаруы және алкогольді мас күйде көлік жүргізулері болып отыр. Сондықтан, қала тұрғындарына жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау, ата-аналарға өз балаларын қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйрету ұсынылады. Сонымен қатар, көп қабатты үйлерде велосипед, бала арбалары және ұялы телефондардың ұрлануы жиі тіркеліп отыр. Мысалы, 20 қарашада «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығында 5-ші сыныпта оқитын баланың ұялы телефоны ойын алаңында жымқырылған. Ата-аналарға балаларға қымбат телефондары мен құнды заттарды бермеу ескертіледі, – деп спикер Сәрсен Абайұлы тұрғындарды ескертті.
Шымкент қаласында қылмыстық жағдай күнделікті бақылауда болып, тергеу органдары алаяқтық, ұрлық, есірткі саудасы және жол-көлік оқиғаларына қарсы алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қала тұрғындары мен қонақтары өз қауіпсіздіктерін сақтап, құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырады.