ӨҢІРДЕГІ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ ОРЫНДАЛУЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
«Түркістан облысында қоршаған ортаға қатты қалдық тасталатын қоқыс полигондары экологияға кері әсер етпеуі керек.» Экологияға қатысты көтерілген проблемаларды шешу мақсатында өткізілген аппарат мәжілісінде осылай деген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға қатаң ескерту жасап, нақты тапсырмалар берді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
– Өңірдегі экологиялық мәселелер жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларының немқұрайлылығынан туындап отыр. Жұмысты күшейту керек. Қатты қалдықтар тастайтын қоқыс полигондарын реттеңіздер. Моншалар мен нысандардан шығатын кәріз су мәселесін түбегейлі шешу қажет. Зиянды қалдықтарды тастатпау үшін ірі зауыттардың жұмысын қадағалауды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Экология департаментінің мәліметінше бүгінгі таңда облыс аумағында 558 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жалпы 1 санатқа жататын 122 оператор қызмет атқарады. Оның ішінде уран өндіру кәсіпорындары, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары, коммуналдық мақсаттағы объектілер, құрылыс объектілері және тағы басқалары бар. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұржас Нұрболат өз баяндамасында:
– Жалпы басқа өңірлермен салыстырғанда біздегі экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Арыз-шағымдар бойынша 109 тексеру жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 431 жеке және заңды тұлғаға 2 миллиард 120 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Кей аудандарда атмосфералық ауаға шығатын шығарындылардың шекті нормадан асып кету дерегі мен су объектілерінің ластану фактілері анықталған. Департамент қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының экологиялық талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайды, – деді.
Еліміздегі экология кодексінің 395 бабында «Авариялық шығарындылардан немесе төгінділерден туындаған және содан адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төнетін қоршаған ортаның сапасы нашарлаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес халықты қорғау жөніндегі шұғыл шаралар қабылданады» делінген.