ӨҢІРЖИЕК – ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРДЕГІ ЕҢ ӘДЕМІ ӘШЕКЕЙ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазақ халқының зергерлік өнері қола дәуірінен бастап қалыптаса бастаған.  Зергерлік бұйымдар жай ғана бұйымдар емес, бұл – тұтас өнер және қазақ халқының ұлттық мәдениетінің маңызды бөлігі, оның тамыры өткенге терең енген тарих. Қазақ зергерлік өнерінің негізгі бағыты – әйелдер әшекейлері. Олардың көпшілікке белгілі болуы тек әйелдердің асыл тастарға деген сүйіспеншілігімен ғана емес, ұлттық салт-дәстүрлермен де байланысты. Сәндік өнер деп саналатын зергерлік бұйымдар – қымбат металдардан жасалған бұйымдардың ең көне санаттарының бірі. Оның көптеген түрлері бар, соның ішінде алқалар, сырғалар, тұмарлар, білезіктер, сақиналар, түйреуіштер, брошьтар, шаш қыстырғыштар, аяқ киімдерге арналған ілмектер.

Қазақ әйелдері әшекей бұйымдарды әдемілік үшін ғана емес, көз тиюден сақтау үшін де тағатын болған. Зергерлер күміс бұйымдарды гауһар, агат, інжу, маржан, жақұт сияқты асыл тастардан және түрлі-түсті шынылардан көз қондыру арқылы әсемдеген. Осылайша әшекейдің пішіні мен оның безендірілуіне ғана емес, оның материалына да ерекше мән берілген. Әшекей жасайтын материал мен ол көмкеретін тасты таңдаған кезде, олардың табиғи реңіне, сол сияқты сиқырлы қасиеттеріне де көңіл бөлген.

Шымкент қаласының тарихын таныстырып жүрген «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде қазақ халқының көптеген жәдігерлері сақталып тұр. Соның бірі – ӨҢІРЖИЕК экспонаты. Қазақ мәдениетінде кеудеге арналған зергерлік бұйымдардың бірнеше түрі бар. Соның ішіндегі ең әдемі әшекей – өңіржиек. Ол оңтүстік және Батыс Қазақстанда кеңінен таралған. Өңіржиек – негізінен мойынға тағылып, омыраудан салбырап түсіп тұратын металл алқа. Өңіржиек бір қатар немесе екі қатар болып келетін, әрқайсысы бір-бірімен күміс шынжыр арқылы байланысатын бірнеше күміс тақтадан тұрады. Тақталар күмістен қақталып, іші қуыс етіп жасалады.  Өңіржиек тақтасын «алақан» деп те атайды. Тігінен алғанда бір қатардан тұратын кейбір өңіржиектің ең төменгі алақаны кішірек екі күміс тақтасын топсамен біріктіру арқылы да жасалады. Оны «қос топсалы өңіржиек» дейді. Әрбір тақтаның бетіне асыл тастан көз қондырылып, өрнек түсіріліп, кейбіреулері алтынмен жалатылып, ең төменгі тақтасына күміс салпыншақтар тізіледі. Күміс шынжырлы салпыншақтың ұшында сыңғырлаған дыбыс шығаратын қозасы (ішінде қиыршық тасы бар шар тәрізді әшекей) болады. Осыған байланысты әшекейдің бұл түрі «қозалы өңіржиек» деп аталады. Өңіржиек тақтасының бетіне ирек, құсқанат, жүрекше т.б. ою-өрнектер түсіріледі. Жиектеріне алтын, күміс сіркелер қондырылады.

Отбасыда қыз бала дүниеге келіп, өсіп келе жатқан кезде өзге де әшекейлермен бірге «тіл-көз тимесін» деген мақсатпен ұшбұрышты тұмар таққан. Оны зергер күмістен бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәрізді етіп жасайды. Оның іші қуыс болады, оған бәле-жаладан қорғайтын дұға салынады. Өңіржиектің қыз баланың бойжетіп келе жатқан кезіне арналған түрі «өңіртал» деп аталады. Өңіртал аралары алшақтау орналасқан екі тақтадан тұрады, тақталары күміс шынжырлармен байланысқан. Оған көбінесе қызыл түсті шыны тастардан көз салады. Ал қыз ұзатылып, тұрмыс құрып, ана атанғаннан кейін үлкендеу, қалыңдау үш тақтадан тұратын өңіржиектер таққан. Әйел «көп балалы, алтын құрсақты ана болсын» деген мағынада өңіржиектің тақтасының саны да көп болған.

Өңіржиектің бірінші, екінші, үшінші, төртінші тақталары төртбұрышты болып келіп, соңғы тақтасы төменге қарай бес бұрышталып келуінде де үлкен мән бар. Яғни ананың болашақта көп ұрпақ дүниеге әкеліп, көбею мағынасын меңзеп тұрғандай. Жалпы, әйел адам бұл әшекейді 45-50 жасқа дейін, яғни баланы дүниеге әкелуге қабілетті жасына дейін таққан. Әйел адам үлкейіп, немерелі болып, әже атанған шағында өңіржиектің төменгі жақтарын ажыратып тастап, бір төртбұрыштысын ғана алқа ретінде тағып жүрген.

Өңіржиектің жан-жағындағы көп салпыншақтар ұрпақтың өсіп-өркендеуін, өмірдің жалғастығын, жаймашуақ күндерді, көбеюді білдірсе, әшекейдің бетіндегі екі ұзын сопақша мен ортасындағы өрнектер жер әлемде әуелде бірінші болып ер адамның жаратылғанын білдіреді.  «Ер адам болмаса, жер бетіне ешқандай ұрпақ болмас еді, өмірдің бастамасы ер адамда, соның белінде жатыр» дегенді меңзейді.

Өңіржиекті бала тууға қабілетті жас келіншек болып түскеннен кейін жүкті болған кезде де үнемі тастамай тағып жүрген. Себебі, адамның назары жүкті әйелдің ішіне емес, оның әшекейіне түссе, бір жағынан тіл-көзден, бәле-жаладан, сұқ көзден сақтайды деген мағынада таққан. Міне, осындай қазақ әйелдерінің әшекей бұйымдары біздің музей қорында сақталған. Олардың кейбірі экспедиция арқылы жинақталса, кейбірін тұрғындардың өздері  тапсырған.

Нұрсұлу ТӨЛЕЕВА

«Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері