1 МЫҢ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тағы 200 бейнебақылау камерасы  орнатылады. Және құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау, қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатындағы  жалпы бейнебақылау камералары 800 жаңа қондырғымен толықпақ.   Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың  төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Басқосуда былтырғы жылы орнатылған бейнебақылау камераларының тиімділігін арттыру ісіне сарапта жасалып, орнатылған нүктелерді қайта қарау мәселесі  талқыланды.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы «Smart City» эталондық стандартына сәйкес, қалалық полиция департаментімен бірлесе отырып,  қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  100 көше қиылысына және 200 желілік учаскеге, сондай-ақ, 1500 жалпы бейнебақылау камераларын штатты режимде іске қосып, қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен ықпалдастырған болатын.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы 14 мың 500 бейнебақылау камералары жұмыс істейді.

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов  жаңа бейнебақылау камераларын қаладағы қылмыстық көрсеткіші жоғары нүктелерге орнатуды тапсырды. Және бейнебақылау камераларының барлығын қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен ықпалдастыру бойынша сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Шымкентте қоғамдық тәртіпті  бақылау ісін жетілдіру мақсатында сондай-ақ биыл жыл басында 8 мобильді бекет ашылды. Мөлтек аудандар мен ішкі орамдардың аумағына ораналасқан бектерде жол патрульдік инспекторы, учаскелік полиция, жасөспірімдер  ісі бойынша мамандар мен жедел уәкілдер қызмет етуде.  Соның арқасында енді тұрғындар бұрынғыдай полиция басқармасына немесе полиция департаментіне барып уақыт жоғалтпайды. Бекеттердің іші қызметтік байланыс құралдарымен жабдықталған. Олар деректер базасы мен жедел басқару орталығына жалғанған. Кез-келген тәртіп бұзушылық пен қылмысқа байланысты жәбірленушілер осында келіп шағым жасауына мүмкіндік бар. Оған байланысты тиісті шешімдерді тәртіп сақшылары  осында қабылдап, шұғыл әрекетке кіріседі.