1 МЫҢ 200-ДЕН АСТАМ ЖАС ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСЫП, МАМАНДАР КЕҢЕСІН ТЫҢДАҒАН

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысының полицейлері азаматтардың құқығы мен елімізде қабылданған заңдарды түсінідру ісін үздіксіз жүргізіп келеді. Осы бағыттағы жиынның бірі Кентау қаласында өтті. Студенттермен өткен басқсоуда жастар арасында нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу, сондай-ақ жастарды спортқа баулу тақырыбы сөз болды.  Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Сәрсенқұлов шараға қатысқан  мектеп ұжымы мен студенттерге кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың қалыптасуына ықпал ететін факторларды айтып берді. Еліміздегі нашақорлықтың алдын алу және статистикалық көрсеткіштер талқыланды.

Жиын барысында студенттерге нашақорлық пен интернет-алаяқтықтың салдары туралы бейнероликтер көрсетілді, сондай-ақ нашақорлық пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша мыңнан астам брошюра таратылды.

Ал Қазығұртта аудандық полиция басқармасы зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Умиралиева мен «Отбасын қолдау» бөлімшесінің психологы Ш. Алдабекова колледж студенттерімен кездесіп,  отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен олардың заңды құқықтарын түсіндірді. Жиында студенттермен ашық пікір алмасу, отбасын құруды жоспарлау, отбасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі, ұрпақтар теориясы, заң аясында жүріп-тұру, қылмыстық құқық бұзушылықтың салдары, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу сияқты тақырыптары сөз  болды. Полицейлер студентерге мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатынын еске салды.

Отбасылық қарым-қатынастағы заңға  қайшы әрекеттердің басым бөлігі жасырын, жария болмай қалады.  Осылайша бұл тұрмыстық зорлық құрбандарына көмек көрсету мәселесін қиындатады. Сондықтан бұл жағдайда қорықпастан міндетті түрде «102» арнасына немесе «111», «150» жедел желілеріне хабарласу қажет», – деді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Умиралиева.

Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері барлығы 1200-ге жуық жас осындай профилактикалық іс-шараларға қатысып, мамандар кеңесін тыңдаған.