1,5 МЫҢ ГЕКТАРДАН ҮШ РЕТ ӨНІМ ЖИНАЛДЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Еліміздің өзге аймақтарында қар жауып, қыстың ызғары басталған тұста түстіктің шаруалары күзгі жиын терімге кірісті. Жердің бабы мен күн райының қолайлы кезеңін үйлестіре білген Келес ауданының диқандары ашық алқаптан көктемнен бері үшінші рет өнім жинауда. Ғылыми негізделген жаңашыл әдістің арқасында жермен жан баққан ауылдағы ағайынның табыс көбейіп, өнімділік артты.

Райымбек Тастеміров қазір үшінші рет егілген дақылының өнімін жиып жатыр. Бұған дейін ерте көктемде шалғам, онан кейін қызылша егіп, өнімін жиып алды. Небәрі жарты гектар егістіктен 2 мың киллограмм шалғам, онан кейін 12 тонна қызылша жиып алса, енді қара күзде жерден 80 тоннадан астам қырыққабат үзіп алмақ. Онысын Ресейге экспортқа жібергелі жатыр.

– Уақытында егіп, уақытында жинап отырсаңыз, дәрі-дәрмегін беріп, жақсылап үдесінен шықсаң дақылдардың өнімі мол болады. Бұл жерде суды да үнемдейсің. Шығының да аз болады,-дейді диқан.

Биыл аудандағы 316 шаруашылық осы тиімді тәсілді пайдаланып, жерден үш рет өнім жиып алды. Тиімді технологиямен 1 мың 400 гектар алқап игерілді. Диқандар күн райының жылы кезін тиімді пайдалану үшін ашық алқапқа отырғызылатын дақылдардың көшетін жылыжайда өсіріп уақыттан ұтты.

Диқандар алғашқы егістен 41 мың тонна өнім жинаса, екінші рет егілген дақылдардан 1 жарым мың тонна өнім өндіріп, табысын еселеді. Аудан әкімі Ақментай Есбаев:

– Тиімді әдістің арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бір жылдың өзінде 37 миллиардтан 48 миллиард теңгеге артты. Ал биылғы жылы 53 миллиард теңгенің өнімін өндіреміз деген жоспарымыз бар,-деді.

Осылайша, ауданда өндірлетін өнімнің 70 пайызы ауыл шаруашылығының үлесіне тиіп отыр. Өнім көлемінің артуына байланысты енді аймақта өнімдерді сақтауға арналған қоймаларды көбейту міндеті тұр. Оны жүзеге асыру үшін қазір инвесторлармен келісімдер жасалуда.

Көрнекі фотосурет inform.kz-тен