16 ЗАВОД – 1000 ЖҰМЫС ОРНЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Биыл жыл басында Шымкент қаласында 16 өндіріс ошағы іске қосу жоспарланған болатын. 16 жобаның инвестициялық құны 52 миллиард теңге. Бүгінге дейін солардың бесеуі жұмыстарын бастап кетті. Қазір бұл кәсіпорындарда 400-ге жуық азамат еңбек етіп жатыр. Ашылуы биылға жоспарланаған қалған  кәсіпорындар да таяу күндері іске қосылмақ.

Солардың бірі – шыныдан әйнек конструкцияларын шығару кәсіпорыны. Жобаны іске асыруға кететін шығын 5 миллиард теңге. Зауытта жылына 800 мың шаршы метр өнім шығарылатын болады. Өндіріс орны толық іске қосылғанда 50 адам жұмыспен қамтылғалы отыр.

Завод директоры Мұрат Мамытбековтың айтуынша, кәсіпорынның қуаттылығы ішкі нарықтағы осы өнімге болған  сұранысты толық өтеуге жетеді. Өндіріс орны биылғы жылдың үшінші тоқсанының соңында іске қосылғалы отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған, мамандар қазір қондырғыларды орнату, оларды жұмыс ырғағына келтіру ісімен айналысуда.

2022 жылы  Шымкент қаласы бойынша өнеркәсіп және  кәсіпорындарымен  тамыз айына дейін  583 миллиард 171 миллион  теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде:

кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 591,4, миллион теңге,

өңдеу  өнеркәсібінде  – 514414,1 миллион  теңге,

электрмен  жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда – 53935, миллион теңге,

сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың  жиналуын және таратылуын бақылауда – 14231,3 миллион теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы өнеркәсіптік өндіріс индексі 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда  107,1 пайызды құрады.

Мұнай өңдеу өнімдерін өндіру өнеркәсібінде де өрлеу бар.  Биылғы жылдың тамыз айына дейін 159913,3 миллион  теңгенің өнімі өндірілді. Бұл былтырғы жылғыдан  26,4 пайызға артық.   Көрсеткіштің көбеюіне  керосин түріндегі реактивті отынның – 27 пайызға, газойлдың – 36 пайызға  артық өндірілуі серпін берген.

Сондай-ақ, металл емес минералды бұйымдарды өндіру көлемі де цементтің артық өндірілуіне байланысты былтырғыдан артты. Фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттар өндіретін кәсіпорындар 37903,8 миллион теңгенің өнімін өндіріп, саланың өнеркәсіптегі үлесін 6,4 пайызға арттырған.   Яғни мегаполисте дәрі-дәрмек өндірісі  26 пайызға көбейіп отыр.

Сондай-ақ, тамақ өнімдерін өндіру 86707,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп (өнеркәсіптегі саланың үлесі – 14,8%) , өнеркәсіптік өндіріс индексі  86,4% құрады. Бұл өз кезегінде ұнның  15,7%, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майының  32,4% -ға кемуінен орын алды.