16 НЫСАНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҮРІП ЖАТЫР
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында кейіннен бой көтерген шағын аудандар мен шаһар құрамына енген аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру ісі қарқынды жүруде. Мұндағы үйлерді кәріз жүйесіне қосу мақсатында биыл 16 нысанда құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Олардың екеуі магистральды кәріз коллекторы болса, біреуі кәріз сорғы станциясы. Сондай-ақ, 13 елді мекенге ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін 8 нысандағы жұмыс толық аяқталатын болады.
– Құрылысы биыл бітетін нысандар қатарында Ұланбек Арғынбеков көшесі мен «Тұрандағы» ішкі магистральды коллектордың жобасы бар. Сондай-ақ «Достық» су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді. Осы құрылыс нысандары аяқталған соң мегаполистегі «Самал-3», «Ұлағат», «Мирас», «Солтүстік-шығыс», «Шапағат-2», «Жұлдыз» шағын аудандары мен «Мақтазаводы» көшесінде ішкі орамдық жүйелер тартылып, орталық құбырға жалғанады. Нәтижесінде 48 мыңнан астам тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады,-дейді Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.
Келесі жылы Шымкент қаласында тағы 8 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталады. Солардың бірі Тассай елді мекеніне кәріз жүйесін жүргізу ісі. Жоба бойынша ұзындығы 110 шақырым болатын кәріз құбырының бүгінде 60 пайызға жуығы тартылып қойған. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жыл соңына дейін жұмыстың 90 пайызын аяқтап, 2023 жылдың басында нысанды толық аяқтамақ. Нәтижесінде 12 мыңға жуық халық шайынды суын бұрынғыдай көшеге төкпейтін болады.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Биыл олардың қатарына тағы 6 елді мекен қосылады. Осылайша шаһардағы тұрғын үйлерді кәріз құбырына қосу көрсеткіші 54 пайыздан 60 пайызға жоғарылайды. Ал 2025 жылға дейінгі түзілген жоспар бойынша мегаполисті кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жетпек.