16 ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛАДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Биыл Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 16 білім ұясының құрылысы аяқталып, шәкірттерді білім нәрімен суысындатпақ. Бұл өңірде мектеп жетіспеушілігі проблемасын оңтайлы шешумен бірге білім сапасын жоғарылатуға айтарлықтай ықпал етпек. Жалпы ұлттық жоба аясында Түркістан облысы аумағында 22 мың 900 орынға лайықталған 29  мектеп салу жоспарланған болатын.  Оның 9-ның  бүгінгі таңда құрылысы аяқталып, білім беру процесін тұрақты жүргізіп келеді.  Бұл мектептердің барлығы  оқу-әдістемелік құралдармен және  түрлі зертханалармен жабдықталған. Робототехника, СТЭМ және  информатика кабинеттері жасақталған.  Сондай-ақ балалар физика, биология және химия пәндері  бойынша арнайы зертханаларда   білімін жетілдіре алады.   Ең басты балалардың цифрлық құзыреттілігін  дамытуға толық жағдай бар. Мектептерде оннан астам үйірмелер жұмыс істейді. Оның ішінде ұлттық ойындарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінген.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ұяларының құрылысы, оларды білікті, тәжірибелі ұстаздармен қамту мәселелері  бойынша арнайы жиын өткізді. Мәжілісте Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Тұрханов пен Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымбекованың есептері тыңдалды. Мамандардың айтуынша жоспарланған 29 мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелері толықтай тартылған (газ, су, электр, байланыс). 22 мектепке кіреберіс жолдар салынған. Қалған 7 мектепте кіреберіс жолдарға ауыр техникалардың жұмыстары аяқталған соң асфальт төселетін болады. Құрылысы аяқталған 13 мектептің тоғызында оқу процесі басталған. Тағы 4 мектепте биылғы қыркүйек айында алғашқы қоңау соғылып, оқу процесі басталады. 2025 жылы тапсырылуы жоспарланған 16 мектептің 11-інде құрылыс жұмыстары 83%-ға орындалған.

– Барлық мектеп уақтылы әрі сапалы тапсырылуы тиіс. Басқарма, аудан, қала әкімдері құрылыс барысын тұрақты бақылаңыздар. Мердігерлер жұмысты жауапкершілікпен атқарсын. Екіншіден, бұл мектептерді білікті басшылармен, педагогтармен қамту да өзекті. Қазірден жүйелеп, жұмысты ширатыңыздар, – деді облыс әкімі сала басшыларының сөзін қорындылай келе.

Қазіргі таңда, 9 жайлы мектепте жалпы  736 педагог жұмыс істеуде. Білім беру ұйымдарына педагогтарды қабылдау туралы қолданыстағы нормаларға сәйкес 23 мектептің директоры тағайындалған. 6 мектеп директоры «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінен таңдап алынса,  13 мектеп директоры  конкурстық тәртіппен, 4 мектеп директоры ауысу тәртібімен тағайындалды. 2025 жылы пайдалануға берілетін 16 мектептің 12-сіне қазірдің өзінде директор бекітіліп қойған. Қалған 2 мектепке басшы ауысу тәртібімен тағайындалады деп күтіліп отыр.

Мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді өткізу де атқарушы биліктің ұдайы назарында. Осы аптада Түркістан облысында жазғы сауықтыру маусымы басталды. Лагерьлер бірінші ауысымға оқушыларды қабылдап үлгерді. Алғашқы онкүндікте  “Болашақ”, “Тау шыңы”, “Үркер” жазғы сауықтыру лагерлерінде мыңнан астам бала бірінші ауысымға қабылданып,  демалыстарын бастап кетті.

Әр қайсысына жеке тоқталып өтетін болсақ, Сайрам ауданындағы “Болашақ” лагеріне жергілікті 314 бала тынығып жатыр. Ал Бәйдібек ауданындағы “Тау шыңы” лагерінде 120 бала алғашқы ауысыммен демалуда. Кентау қаласындағы “Үркер” лагерінде Арыс қаласынан 300 бала, Ордабасы ауданынан 300 бала жазғы сауықтырудан өтуде. Басқа сауықтыруға арналған балалар лагерлері кезең-кезеңімен демалыс маусымды бастап, балаларды кестеге сәйкес қабылдайды. Балалардың демалысына  облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінген.

Балалар лагерлерінде демалыс 7 ауысым бойына жалғасады. Әрқайсысының ұзақтығы он күннен.  Бірінші ауысым 2 маусымнан 12 маусымға дейін жалғасады.

Айта кетерлігі, Түркістан облысында биыл алғаш рет модульдік лагерь қолға алынып отыр. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде мемлекеттік лагерлерде 7500-ден астам қосымша орын ашылды.

Жалпы бюджет есебінен 10 мемлекеттік, 21 жекеменшік лагерьде 41 мыңнан астам бала демалса, қалған 400 мыңға жуық оқушы жаз мезгілінде мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Биыл жекеменшік лагерлерде жазғы демалыспен қамту үшін 8 ауданнан 11 500 балаға бөлінген қаржы мемлекеттік сатып алу конкурсына жарияланып, жеңімпаздары анықталды.

Осылайша биыл облыстағы 1-10 сыныптарда білім алатын 439 мыңнан астам оқушының 93,5% жазғы демалыспен қамтылады. Мемлекет тарапынан бір баланың демалысы үшін  59 077 теңге қаржы бөлінген.  Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» қоры есебінен 2 мың 465 бала, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына 420 бала, ата-ана есебінен 5000-ға жуық бала жазғы лагерлермен қамтылады. Туристік 1 күндік жорықтар мен экскурсияларға 75 мың 129 оқушы барады деп жоспарлануда.