18 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫНЫ SMS АРҚЫЛЫ РӘСІМДЕДІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен пайдалану елімізде ең танымал қызметтердің біріне айналуда. Жыл басынан бері 18 мыңнан астам шымкенттік әлеуметтік жәрдемақыны СМС арқылы проактивті тәсілмен рәсімдеп, уақыттарын үнемдеген. Бұл тәсіл әсіресе, жаңа босанған аналар мен мүгедек жандарға өте тиімді болып отыр.
Осы қызмет түрін пайдаланғандардың бірі Лаура Әбдіәкімова. Ол бұған дейін үш баласының туу туралы куәліктері мен жасына дейін берілетін жәрдемақыларын, халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, сағаттап кезек күтіп жүріп әрең рәсімдегенін айтады. Ал, төртінші перзентінде бәрі де оңай болды дейді ол. Көп балалы келіншек, перзентханадан шықпастан құжаттарының бәрін SMS арқылы проактивті тәсілмен рәсімдеген.
«Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының» Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Бақытжан Қазиевтің айтуынша қазіргі таңда Лаура Әбдіәкімова секілді қала бойынша 7 мың 424 ана бала туу және оның күтімі бойынша жәрдемақыны проактивті форматта рәсімдеген. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыға SMS арқылы 1000-нан астам адам өтініш берсе, 700 қала тұрғыны көпбалалы аналар ретінде жәрдемақы рәсімдеген.
Проактивті форматта бала туу және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақыны, мемлекеттік кепілдік, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақыны, көп балалы отбасы ретінде төленетін жәрдемақыны, мүгедек балаларды күтуге арналған және бала кезінен мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақыны, еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша, сондай-ақ, жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлемдер, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді ресімдеуге болады. Осы орайда, электрондық үкімет порталы барлық деректерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне тартады. Ал жетіспейтіндерін мәліметті SMS – хабарлама арқылы клиенттен сұратады.