2 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫССЫЗ  СҰРАНЫСҚА САЙ МАМАНДЫҚ ИГЕРДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындар, құрылыс компаниялары мен халыққа қызмет көрсету орындары оннан астам кәсіп түрі бойынша мамандарға зәру. Осыған байланысты, биыл екі жарым мыңға жуық  жұмыссыз азамат арнайы оқу курстарына жолдама алып, сұранысқа сай мамандық алып шықты.

Әсел жасы 30-дан асқанда мамандығын өзгертті. Медициналық жоғары білім алған ол, енді  бала кезінен қызыққан тігіншілік өнермен айналыспақ. Жұмыспен қамту орталығының көмегімен үш ай бойына жұмыс берушінің қасында білім алды, тәжірибе жинақтады. Қысқа мерзімде өз бетімен түрлі бұйымдар мен сән үлгілерін пішіп, тіге алатын деңгейге жетті.

         – Келер аптада өз ательемді  ашуға әрекет етіп жатырмын.  «Даму» қорына барып, Жеке кәсіпкерлік ісін ашу туралы заңгерлерден ақыл кеңес алдым,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әсел Отыншиева.

         Альбина да экономист мамандығын кәсіпке ауыстырды. Қысқа мерзімді оқуды аяқтап, қазір әсемдік салонында жұмыс істеп жатыр.

         – Бүгінде қыз-келіншектердің барлығы әдемі болғысы келеді. Сондықта да визажист қызметіне жүгінетіндер өте көп. Бұл кәсіпті таңдауыма осы жағдай себеп болды. Оның үстіне табысы да жақсы. Бұрын экономист болып жұмыс істеп, мардымсыз жалақы алатынмын. Тағы бір пайдасы визажист қызметі әрбір әйел баласы үшін өнер. Қажетті дүние. Керек кезінде отбасы мүшелеріне де тегін қызмет көрсетемін,-дейді ол.

Биыл Шымкент қаласында Әсел мен Альбина секілді 2  мың 300-дей азамат  кәсіптік оқыту курстарында білім алды. Оның 800-ге жуығы кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына сай мамандық игеріп шықты. Еңбек нарығында шаштараз, тігінші, визажист, бухгалтер, кассир, дәнекерлеуші мен электр монтаждаушы секілді кәсіп иелеріне сұраныс көп.

         Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқыту бөлімі биылғы жылы 29 мамандық бойынша азаматтардың кәсіптік оқуына жағдай жасады. Сондай-ақ бүгінгі таңда тағы 1 мыңнан астам азамат кәсіп дағдыларын үйрену үшін онлайн жүйеде білім жетілдіруде. Ұлттық жоба аясында оларды қайта оқытуға 200 миллион теңге қаржы бөлінген. Бағдарлама аясында бұл азаматтардың ары қарай жұмысқа орналасуына да қолдау көрсетіледі. Биыл  3 мың 50 адамға кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша қызмет көрсету жоспарланған.  Соның аясыда «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 мың 900 адам кәсіпкерліктің негіздерін оқыту жоспарланса, азаматтар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында осы жылы 1 мың 150 адамға қайтарымсыз негізде мемлекеттік грант беру жоспарланған.  Қазірге дейін 610 шымкенттік 400 АЕК көлеміндегі грант қаржысына ие болды.