2 МЫҢНАН АСТАМ ЖАС МАМАН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

«Жастар практикасы» шымкенттік жастардың  арасында жұмыссыздықтың азаюына  зор ықпал етуде. Мәселен, 2021 жылы Шымкентте 2500-ден астам жас осы бағдарламамен жұмысқа жолданған болса, олардың 1300-і барған жерлерінде тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл туралы халықты жұмыспен қамту  орталығының директоры  Шағдат Әсетұлы мәлімдеді.

Орталық басшысының айтуынша   ағымдағы жылы аталған бағдарламамен 2 мың 98 жасты еңбекпен амту жоспарланып отыр. Жыл басынан 1000-нан астам жас жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, тиісті жұмыс орындарына жолдама алған. Қазіргі таңда олар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы»  бағдарламасына биылдан бастап өзгеріс енді.  Соның нәтижесінде жас мамандардың бағдарламаларға қатысу мерзімі ұзартылып, еңбекақысы өсті. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша еңбекке араласқан жастар бұған дейін ай сайын небәрі 76 мың теңге жалақы алып келген болса, биылдан бастап олардың еңбекақылары көтеріліп 91 мың 890 теңгеге жетті. Сондай-ақ бағдараламаға қатысу мерзімі 6 айдан бір жыл мерзімге ұзарды. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы мамандық алған жастардың бос сенделмей тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік берді.

Айта кету керек, «Жастар практикасы» –  уақытша жұмыс орны болып есептеледі және оған 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2020,2021,2022ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждерін бітірген түлектер қатыса алады.

Шымкент қаласында былтыр «Жастар практикасы» бойынша 2 жарым мың жас маман жұмысқа орналасқан. Ал «Алғашқы жұмыс  орны»  100-ден астам жастың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік берген. Кешенді бағдарламалардың арқасында былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызға азайған. Биыл бұл көрсеткіш мұнан да жоғары болмақ.